Қазіргі таңда Абхазия және Оңтүстік Осетия автокөлік құралдарын сатып алу мүмкіндігі халық арасында белсенді қызығушылық білдіруде. Осы автокөлік құралдарын сатып алып, еліміздің аумағында еркін жүру үшін заңдастыруға бола ма? ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде осы сұраққа жауап берді.
Аталған автомашиналар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді, олар өз мәртебесі бойынша шетелдік тауарлар болып табылады (яғни ЕАЭО тауарлары болып табылмайды) және кедендік бақылауда болады.
ЕАЭО Кеден кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-бабының 2-тармағына сәйкес, уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында декларанттың, яғни көлік құралын әкелген тұлғаның, нақты меншігінде және пайдалануында болуы керек.
Дегенмен, бүгінгі таңда Абхазия және Оңтүстік Осетиядан уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында болған кезеңде, заңмен белгіленген шектеуді бұза отырып, сенімхат бойынша (иелену, билік ету немесе иеліктен шығару құқығымен) Қазақстан Республикасының азаматтарына сату орын алғаны белгілі.
Бұл ретте, Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының резиденттеріне беруді жүзеге асырған тұлғалардың, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қарай кедендік төлемдерді төлемей және Қазақстан аумағында пайдалану мақсатында осындай көлік құралдарын сатып алған тұлғалардың әрекеттері қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық сипатқа ие.