Бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған көп балалы ананың табыс сыры.

Құралай Әшімова
ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
5145
0 пікірлер

Кәсіпкер әйелдер бизнесте өте жауапты, парасатты, адал болып келеді деген пікір бар. Шынымен солай ма?

Әлфия Байжігітова – үкілі ұлдары мен моншақтай қыздарын тәрбиелеп отырған келіншек. Кәсібін ашып, бала тәрбиесі мен үй тірлігін бірге арқалап, табыс тауып, сонымен қатар шығармашылық идеяларын да естен шығармай, барлығын шыр айналдырып жүрген көп балалы ана. Онысымен қоймай, арасында қайырымдылық шараларына да білек сыбана кірісіп кетеді.  Бұл тек кинода болатын сияқты. 6 баланың алтын құрсақ анасы Әлфия - сериал түсіруге лайықты кейіпкер.

 

Әлфия ханым, сіз көп балалы үйдің күйбін тірлігінен шаршамастан, бірден кәсіпкер болуға қалай бел будыңыз? Қандай кәсіппен айналысасыз?

Мен өз бизнесімді сұлулық салонынан бастадым. Өсіп қалған 3 қызым бар. Өзім де салонға ай сайын барамын. Неге алдымен сұлулық салонын ашпасқа деген ой туды. Сөйтіп 5 жыл бұрын ең алғашқы салонымды аштым. Сонымен қатар сауда орталығында әйелдер киімі дүкенін аштым. Ең алғашқы тауарларды Қытайдан таси бастадым. Чаттар арқылы құрбыларыма, көрші қыз-келіншектерге, туысқандарыма белсенді түрде жарнама жасадым. Клиенттердің легі ұлғая бастады. Адамның бет-бейнесіне сай сәнді киімдерді таңдағанды ұнататынмын. Әйел адам әрқашан әдемілікке ұмтылады ғой. Маған келген клиенттер бірден құлпырып шыға келетін. «Гранд Парк» сауда орталығындағы бір кофеханаға барып, кофе ішіп, сырларымызды ақтарып, уакыт өткізгенді әдетке айналдырдық. Қарап отырсам сол кофеханаға мен талай клиенттерімді әкеліп, саудасын біраз көтерген екенмін. Содан не керек, неге өз кофеханамды ашпасқа деген ой мазалай бастады. Айтылды ма – болды. Іскерліктің басқа да саласын игеруге бел будым. Арыз жазып, жаңа істі бастап кеттім. Кофеханамды «Гранд парк» деп атадым. Гранд – үлкен, орасан, ірі деген мағынаны білдіреді. Мен де ісім алға басып, үлкен жетістікке жетейін деп ырымдадым. Аз уақыт ішінде кәсібімнің нәсібін көре бастадым. Достарымен қыдырып, кофе ішіп, біздің тәтті бәліштеріміздің дәмін татуға қаланың жан-жағынан адамдар келе бастады. Мұндайды мен күтпеген едім. Кейінірек сауда орталығына келгендерге, қызметкерлерге таңғы, түскі астарды дайындай бастадық. Екіарада қаланың басқа жерлерінде екінші кофехана мен кафе ашып та үлгердік. Осылайша тасымыз өрге өрмеледі.

5 жыл бұрын балаларыңыздың алды мектепте оқушылары, кейінгілері бала-бақша бүлдіршіндері еді. Ал колыңызда емшектегі нәресте болатын. Балаларды мектепке, бала-бақшаға апарып тастап, үй шаруасын тындырып, сонымен қатар үлкен істі бастауға қалай дәтіңіз шыдады? Қалай бәріне үлгердіңіз? Бала-шағаңыз көмектесе ме?

Әрине көмектеседі. Ол кезде 5 балам болатұғын. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші таң атысымен Алтын Орда базарынан азық-түлікті толтырып алып, кофеханаға апаратынмын. Әйтеуір шапқылап жүретінмін. Бастапқыда, әрине, маған туысқандарым көп көмектесті. Дәмхана администраторы – менің туған әпкем. Бариста – менің жиенім. Екінші сұлулық салонын басқаратын - үлкен қызым Айдана. Бұл кәсіп отбасылық бизнеске айналды деуге болады. Кейінірек басқа адамдарды да жұмысқа алдық.

Қазіргі таңда қызметкерлеріңіздің саны қанша?

30 адам. Фирма есебінен қызметкерлеріміздің кәсіби деңгейін арттырамыз. Сонымен қатар өзіміз де әр-түрлі курстар ашып, оқытып-үйретеміз. Ресми түрде салық төлеп, еңбекақысын береміз.

Сіз қатал басшысыз ба?

Жоқ, мен ешқашан дауысымды көтермеймін. Кикілжің сәттерде тек ала көзбен бір қарасам, сол жеткілікті. Қызметкерлеріме әрқашан айтып отырамын: «Сендерді тәрбиелеп, түзететін мен емеспін. Онымен ата-аналарың айналыссын. Мен тек сендерді жұмысқа жалдадым», - деп. 

Ең алғашқы сатқан тауарыңыз есіңізде ме? Кімге, қашан саттыңыз? Қандай әсерде болдыңыз?

Шынымды айтсам, қандай киім екені есімде жоқ. Бірақ керемет бір әсерде болдым деп ауыз толтыра айта аламын. Сол кезден бастап сатушы болып, клиенттермен жақсы қарым-қатынаста бола алатыныма кәміл сендім. Қыз келіншектердің сырт бейнесін өзгертіп, одан сайын құлпыртып жіберсем – соған балаша қуанамын. Клиенттерім разы болып, менің визиткамды сұрап жатады.

Дегенмен, қанша адам болса, сонша пікір болады ғой. Киім дүкенінде оңайырақ. Кірген адам киімді киіп көріп, айна алдында біраз тұрып, ұнағанын сатып алып, кете барады. 

Ал дәмхананың әңгімесі бөлек. Барлығына бірдей жақпайсың: біреуге тамақ тұзды боп көрінсе, біреуге бұрышы аздау болады.

Сұлулық индустриясында да солай. Біреуге шаш қою үлгісі ұнамай қалса, екіншісі шаштың түсін дұрыс келтірмедіңдер деп дау-думай шығарады. Қызмет көрсету аясы тым қиын.

Карантин кезінде не істедіңіздер? Қандай шығынға ұшырадыңыздар?

Шағын және орта бизнестің 30% шығынға ұшырады десем, артық айтқаным болмас. Бізде сұлулық салондарының ортақ чаты бар. Әр күн сайын жаман хабар келеді – бизнесі тоқырауға ұшырап, жабылып жатқандар көпшілік. Соққы өте ауыр тиді. Әсіресе бьюти-индустрия қатты зардап шекті.

Мысалы, біз тауарларымызды шетелден ала алмай, киім дүкенінде екі маусымды өткізіп алдық. Біздің қызметкерлердің көбісі қысылтаяң кезеңде ісін ары қарай жалғастырып кете алмады, өйткені олар әлеуметтік желіден қалыс қалған болатын. Күнделікті парақшаларында жарнама беріп отыратын арнайы SMM маман жалдайын десе, ол да қып-қызыл ақша. Өздері шұқылап үйренгеше, уақыт та зымырап өте шықты. Табыс таппақ түгілі өз позицияларын ұстап қала алмады. Сұлулық салонының көп қызметкерлері үйлерінде клиенттерді қабылдай бастады.

Сонда сіздің де қызметкерлеріңіз жасырынып жұмыс істеді ме? Оларға реніш болған жоқ па?

Несіне ренжимін? Әркім орайына қарай жұмысын жалғастыруға тырысты. Шынымды айтсам, өз-өзімізге келіп, есімізді енді ғана жинадық. Пандемиядан кейін ақырындап шаштараздар, тырнақ жасайтын қызметкерлер жұмысқа шыға бастады. Ал косметология болса көпке дейін тоқыраудан шыға алмады.

Пандемия кезінде шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмекші болатын. Сіз демеуқаржы алдыңыз ба?

Мен ешқашан мемлекеттен көмек сұраған емеспін. Дегенмен Гранд Парк сауда орталығының қызметкерлерімен бірігіп, әкімшілікке және «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасына хат жазған едік. Біраз уақыттан кейін алдын-ала жазылу бойынша сұлулық салондарын ашуға рұқсат берді. Бірақ түскен пайда жалға алынған орындардың құнын өтеумен кетті. Жалға беретін қожайын – ол да жеке меншік иесі. Ол да салығын төлеуі керек. Тегіннен тегін орын бере алмайды. Пандемия кезінде жұмыс орнына шықпасақ та, бір тиынын қалдырмай бәрін төлеп отырдық. Коммуналдық төлемақысы бар. Күзетшілерге дейін төледік. Бізге ешкім босаңдық жасамады. Қазірдің өзінде сауда орталығының әкімшілігі орындардың бағасын көтермек ойлары бар.

Таныстарымның арасынан біреудің мемлекет тарапынан қаржыландырылды дегенін естімеппін. Керісінше бәрі қымбаттап барады. Шағын бизнес қолдаусыз қалды. Әркім өз проблемасын өзі шешуде. Көптеген жеке кәсіпкерліктер тұншығып, жабылып қалуда. Елдің қолында ақша жоқ. Өз басым екі жерден ашқан салонымды жабуға мәжбүр болдым.

Бизнесті аяғынан нық тұрғызу үшін не істеу керек?

Ең бастысы – клиентті ұстап қалу. Дәмханаларда тамақтың түр-түрі болу керек. Жаңартып, жақсартып отыру керек. Қысқаша айтқанда, барлығы мүлтіксіз болуы шарт.

Салонда да солай. Қызмет көрсету аясы кең болса, клиент те разы болады. Мысалы, клиент шашын боятып жатса, бірден қол-аяғына арналған процедурларды жасаймыз. Алты қолмен тездетіп жібереміз. Бұл клиенттің уақытын да, ақшасын да үнемдейді.

Ал киім дүкеніне келетін болсақ, әр маусымға орай киімдер мен керекті аксессуарларға толып тұруы керек. Қалада толық әйелдерге арналған киімдер аз. Сондықтан өзім Түркияға барып, сәнді киімдерді таңдап әкелемін. Бағасына қарай  «Alfa Shop» дүкенінде керегіңізді табасыз.

Бастапқы кезбен салыстырғанда, кәсіпкер ретінде сіз қалай өзгердіңіз?

Біз дұрыс жолмен жүріп, істі қалай жүргізуді үйрендік. Қарамағыңда 30 адам болған соң тәжірибең де өседі. Адамдардың психологиясын тануды үйренесің. Кезінде талай опық жеген күндеріміз де болды. Дегенмен қызметкерлерімізбен бірге оқып-үйрендік, тырысып бақтық. Бастаған ісіміз бен қазіргі күніміздің айырмашылығы орасан зор. Қазір «Grand Style» атты 4 сұлулық салонымыз, кофехана, киімдер салоны және дәмханамыз бар.

Әлфия ханым, күнделікті жұмыс барысында қандай мобильді қосымшаларды қолданасыз? (1С бухгалтерлік бағдарламасы, есеп жүйелері, тауарды жеткізуге арналған қызметтер, такси қызметтері және т.б.).

Біз «Қазақтелекомның» бейнебақылау камераларын қолданамыз. Үйде де, жұмыста да өте ыңғайлы. Балаларымның қай жерде не істеп жүргенін, ұялы телефонымды бір шертіп қалсам болды, көре аламын.

Тауарларды өздері әкеп беретін фирмалармен жұмыс жасағанды тәуір көремін. Өйткені барлығына өзің жүгірсең, басқа жұмыстарың шеттеп қалады. Ал өз тауарларымызды Яндекс таксиді жалдау арқылы уақытылы жеткізіп отырамыз. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілердің ролі биік екенін түсінеміз. Онсыз болмайды. Инстаграм арқылы клиенттерді алдын-ала жазамыз. Сондай-ақ қолдан жасалған тасты білезіктерімізді, киімдерімізді, және тағы басқаларын сатамыз. 

Шағын және орта бизнеске арналған ismet.kz сайты сізге шынымен қалай көмектесе алады деп ойлайсыз?

Кәсіпкерлерге арналған пайдалы кеңестер болса деймін. Заңнамадағы жаңалықтар болсын, қаржылық, бухгалтерлік көмек болсын – бәрі керек дүние. Қандай квоталар бар, жеке кәсіпкерлерге арналған қандай жеңілдіктер қарастырылады, белгілі бір жабдықтарды тиімді бағамен сатып алуға бола ма деген сұрақтар мазалайды. Өмірімізді жеңілдететін қолданбалы бағдарламалар туралы қызықты мәліметтер болса. Осындай жаңалықтармен бөліссеңіздер, нұр үстіне нұр болар еді.

«Мейірімділік тек жүректен басталады» демекші, біреуге сүйеу бола білу оңай ма? Қайырымдылық жұмыстарыңыз жайлы айта кетсеңіз?

 «Егер адамға балық берсең – бір рет тойдырасың. Егер балық аулауды үйретсең – өмір бойы тойдырасың». Біз көп балалы аналарға қолдау көрсетіп отырамыз. Оларды оқытып-үйретіп, кәсіпкерлікке баулудамыз.

Мысалы, біз қарапайым бизнес-жобаларды ұсынамыз: қолөнер бұйымдарын жасау, тоқаш, бәліш пісіру, мұздатылатын тамақтар дайындау және т.б. Немесе тырнақ бояп, кірпік жапсыруды үйретеміз. Осылайша үйде отырып-ақ өз ісін өрге бастыра береді. Мен қайырым жасайтын үлкен меценат емеспін, әрине. Дегенмен, көп балалы немесе көмекке мұқтаж жанұялардағы балалардың шаштарын салонда тегін қидыртамыз.

Менің ең басты мақсатым -  көп балалы аналарға кәсіпкерліктің негіздерін үйрету, өмірін өзгертуге ынталандыру. Өйткені бұл - кейін өз ісінің иесі бола алуына, әрі қарай өсуіне, үйде отырып, табыс табуына итермелейді. Мемлекеттен ақшалай көмек сұрап, отыра бермей, бір істің басын бастап, оны игеріп кетсе екен деймін. Кәсібін дөңгелетіп, табысын тауып отырғаны артық.

Көбіне ауылдағы әйелдер «бала туа берсем, мемлекет балаларыма қаржы бере берсе екен» дейтіндей. Әр түрлі қиыншылыққа ұшыраған әйелдер де бар: денсаулығына байланысты жұмысқа қабілеті жоқтар, отбасы асыраушысынан айрылғандар және т.б. Тек үкіметті жамандап, ақша талап ете бермей, балаларының ертеңгі болашағын ойласа жақсы еді. Ол үшін бүкіл бойындағы күш-қуатын жинап, мойнын іскерлікке бұру керек сияқты.

Мысалы, менің хоббиім – тастарды тізіп, білезік жасау. Осы қолөнерімді басқаларға үйретуге дайынмын. Үйінде, бала-шағасының қасында отырып-ақ түрлі-түсті тастардан білезік жасап, мен сияқты инстаграмда сатуларына болады. Бірнеше көп балалы аналарды патронажға алып, оларға бар білгенімді үйретуге дайынмын. Тіпті алаңдарымды тегін бермекпін. Тек ынтасы болса болды.

Көп балалы ананың күнделікті тәртібі қандай?

Өмір ағымы зымыран іспеттес. Ерте тұрамыз. Балаларды мектепке, бала-бақшаға апарамыз. Үлкен үй болғандықтан бәрі бір-біріне көмектеседі. Үлкен ұлым мен қызым қазір студент, бірақ өздігінен табыс табуда. Әрине анасына жандары ашиды, көмектесуге дайын тұрады. Бұрын олар бәріне немқұрайлы қарайтын. Ал қазір әр тиынның құнын біледі. Ақшаның отбасымызға қандай қиындықтармен келетінін түсінеді. 17-19 жасар балаларым бизнестен пайда тауып, ысылып алған. Бүкіл жұмысты қадағалап отырады. Үлкен қызым мектепте оқып жүріп-ақ табыс тауып, өзінің керек-жарғын өзі сатып алатын еді. Әдемі әшекей бұйымдарды өз қолымен жасап, инстаграмда сататын. Жақында ол кондитер мамандығын оқып алды. Енді той-томалақта тәтті бәліштерді өзі жасайды. Қолымыз бос болса, әдемі киім тігіп, әшекей бұйымдар жасаймыз. Сосын салондарымызда сатамыз. Біздің клиенттеріміз қолдан жасалған әшекейлерімізді ұнатады.

Кейде ерінсем, жұмысқа шықпай қалуыма болады. Өйткені үлкендерім істі өздері оңдыра береді. Кішкентайларымды құшақтап, мәре-сәре болғанға не жетсін!

Отбасыңызда кім бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі?

Отағасы екеуіміз де бала тәрбиесіне жіті қараймыз. Ол маған көмектесіп, мені әрқашан қолдап отырады. Мен қыз балаларға жауапкершілік танытсам, жұбайым ұлдарға көп көңіл бөледі. 3 бала мен 3 қыз тәрбиелеп отырмыз. Бізде былай:  егер менің көңілім онша болмай, қатал да қатты болсам, керісінше, әкелері сол күні бүкіл мейірімін балаларына төгеді. Келесі жолы орнымыз ауысады. Балаларды жастайынан еңбекке баулимыз. Маған жұмысқа келсе, бірден шүберекті алып, жұмыс орындарын тазалап, шаңын сүртіп шығады. Оларға ешкім бұлай істе деп те айтпайды. Дәмханада үстелдерді тазартып, барлығын дайындап қояды. Ол жағынан пысық. Егер қызметші жұмысқа шықпай қалса, орнында істей тұрады.

Осылайша өмір сүріп жатырмыз. Кейін осы кәсіптің бәрін балаларымыз өз игілігіне ұстайды деп сенеміз.

Бұл өз отбасынына деген қамқорлығын ұмытпай, кез-келген ісітің тасын тауға домалата білген мейірімді ананың, сүйікті жардың, кәсіпкер әйелдің әңгімесі. 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін