Чип тағылған ешкілер, қарны тоқ тауықтар, күйлі ірі қара мал (бір фермердің тәжірибесі).

Құралай Ашимова
ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
4945
0 пікірлер

Ауыл экономикасы мен ауыл адамы бір-бірімен тығыз байланысты. КСРО-ның ыдырауы, ауыл шаруашылығындағы дағдарыс халықтың жан бағып,  үлкен қалаларға көшуіне, ал нәтижесінде ауылдың тіршілігін қамтамасыз ету жүесінің күйреуіне әкеп соқты. Осындай қиындықтарға қарамастан шаруа қожалықтарын ұйымдастыра білген, жайылымға жер сатып алып, жем-шөп қорын жинап, төрт түлік малын тойыдырып отырғандар да болды. 2021 жылдың 15 сәуіріндегі санаққа сәйкес Қазақстанда ауылшаруашылық қызметімен айналысатын 17 669 ұйым тіркелген екен (орман және балық шаруашылығын қоспағанда).

«АСА» шаруа қожалығының иесі Серік Әкінбаев – саналы өмірінде жермен бітісе қайнағандардың бірі. Ауыл тұрғыны өз өмірін кең байтақ жерсіз, маңғырған малсыз, шұбырған жылқысыз елестете алмайды.

Өз бизнесіңіз жайлы айта кетсеңіз: немен айналысасыз, қандай жетістіктерге жеттіңіз, бизнесіңіз қандай деңгейіде?

Қазір біз сіздермен «АСА» шаруа қожалығындамыз. Негізгі бағытымыз – мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы. Алмалық ауылының маңында орналасқан бұл шаруа қожалығын есептемегенде, бізде Алматы облысының Қарасай, Жамбыл және Ақсу аудандарында шамамен 2000 га егістік алқаптарымыз бар. Біз дәнді және жемдік дақылдар, бұршақ дақылдарын, бал шөптерін, сонымен қатар түйежоңышқа, жабайы беде, егістік эспарцетін егеміз. Осылайша малдың азығын дайындаймыз, ал артық қалғанын сатамыз. Биыл құс шаруашылығын қолға алдық. Арнайы инкубаторларды сатып алдық. Күзде ең алғашқы өнімді – тауық жұмыртқасын күтеміз. Сонымен бірге ешкі сауып отырмыз.

Шаруа қожалығында 30 сауылатын бие байлап отырмыз. Жақын арадағы тұрғындарды саумал және қымызбен қамтамасыз етудеміз. Бие ұстаған соң неге саумалхана ашпасқа деген ой туындады. Сөйтіп мына 7 нөмірлік шағын қонақжай салдық. Рестораны бар. Аспазшы таза азық-түліктен келгендерді дәмді тамақпен қарсы алады. Клиенттер осы жерге дем алып, иммунитетін нығайтып, денсаулығын түзетуге келіп тұрады. 2010 жылы осы жерге шағын қарағай орманын ектік. Тамыз айында монша кешенін бітіреміз деген ойдамыз. Бір сөзбен айтқанда, келген адам жанын, тәнін тазалып, бір рахаттанып қалады. Ол да бір ғанибет!

Әр түрлі шаруашылықпен айналысқан тиімді ме?

Қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысқан өте тиімді. Әрине, егер өзің басы-қасында жүріп, бақыласаң. Өзіңіз білесіз, бізде егістікті суару проблемасы бар. Бірақ Қазақстанға тамшылатып немесе жаңбырлатып суарудың жаңа технологияларын біртіндеп енгізе бастады. Бір орында тұрған жоқ. Қытай, Ресей, АҚШ және Еуропа елдерінің ірі компаниялары жаңа инновацияларды әкеліп жатыр.

Тағы да қайталап өтейін – шаруа қожалығымен айналысқан өте пайдалы, табысы мол. Азық-түлік қазір удай қымбат. Пандемия кезінде адамдар жаңа саулған саумал, қымыз, ешкі сүтін аламыз деп ұзын кезекте тұрды. Кейде адамдар бұл жерге жай демалуға, қарағай астында ой кешіп, сырын айтып, таза ауада бір тынығып алуға келеді. 

Сонымен қатар заанен тұқымды сауылатын ешкілеріміз бар. Оларды Ресейден әкелген болатынбыз. Кейбір ешкілер 5-6 литр сүт береді. Қолымызда жас мал болған соң біз әр ешкіден күніне тек 3-4 литр сүт алып отырмыз. Менің ойымша, бұл жақсы көрсеткіш.

Алдағы жоспарда 100 бас голштин сиырларын сатып алмақпыз. Олардың сүт беру көрсеткіштері 31-33 литр. Және олар жайылымға шығатын сиыр емес екен. Қорада тұрып-ақ жақсы көрсеткіштер береді. Сол үшін қазір субсидия алу туралы ойдамыз.

Биыл 30 га жабайы беде, 20 га жүгері отырғыздық. Осылайша 100-200 бас мүйізді ірі қара мал асырауға шашамыз жетеді. Қазақстандағы сүт зауыттарының 90 пайызында не ірі қара малы, не өз жайылымдары жоқ екен. Олар сүтті жергілікті тұрғындардан, ірі фемалардан сатып алатын көрінеді. Сүт ұнтағынан елге қажет өнімдерді жасап жатқандар да баршылық. Сондықтан біз сүті бірден ірі сүт зауыттарына сататын боламыз.  

Көреміз, мүмкін басқа да шаруашылықты ілістіріп әкететін шығармыз.

Құс шаруашылығы – мал шаруашылығының тез дамып келе жатқан салаларының бірі. Осы бизнестің күшті және әлсіз жақтарын айта кетсеңіз?

Ұй құстарының бір ерекшелігі – олар жоғары өсімталды, тіршілікке епті боп келеді және көп өнім береді. Құс өсіріп, оны бағып-қағу мал шаруашылығының басқа салаларына қарағанда өнім бірлігіне аз материалдық және адами ресурстарды қажет етеді. Бұл әлдеқайда жеңіл жұмыс. Сіз көктем шыға балапанды сатып аласыз, ал күз кезінде сойып, етін, жұмыртқасын сатасыз.  

Құс шаруашылығы – мал шаруашылығының тез дамып келе жатқан салаларының бірі. Осы бизнестің күшті және әлсіз жақтарын айта кетсеңіз?

Ұй құстарының бір ерекшелігі – олар жоғары өсімталды, тіршілікке епті боп келеді және көп өнім береді. Құс өсіріп, оны бағып-қағу мал шаруашылығының басқа салаларына қарағанда өнім бірлігіне аз материалдық және адами ресурстарды қажет етеді. Бұл әлдеқайда жеңіл жұмыс. Сіз көктем шыға балапанды сатып аласыз, ал күз кезінде сойып, етін, жұмыртқасын сатасыз.  

Биыл біз тәжірибе ретінде құс өсірдік. Егер бәрі жақсы болса, келесі жылы шаруалығымызды кеңейтеміз. Артық ақша, қосымша табыс қалтамызды теспес. Биыл біз 4-5 мың жұмыртқа беретін тауықтарды өсіреміз. Күзге дейін жұмыртқа алуды жоспарлаудамыз. Бізде, әрине, ірі құс фабрикалары сияқты үлкен көлем жоқ. Алдымен біз 2 арнайы инкубатор сатып алдық. Инкубатор – жасанды жолмен жұмыртқадан ауылшарушылығына маңызды құс балапандарын шығаратын аппарат. Наурыз айының соңында Ресейден 2816 инкубаторлық жұмыртқаларды әкелдік. Инкубацияға қойылған барлық шібилер аман-есен жарып шықты. Дегенмен бәрі дерлік жынысы мекиен болмайды ғой. Тең жартысы әтеш балапандар болады. Мекиен тауықтардың өнім беру мерзімі 1-1,5 жыл болады. Біз алдын-ала темір торларды дайындап қойдық. Барлық керекті жабдықтар автоматтандырылған. Өз қолымызбен темір тордан тауық тұратын торларды дайындадық. Егер дайынын сатып алсақ, қыруар ақша кетер еді. Бағасы 3-4 есе қымбат болар. Қалтамыз қағылар еді.

Болашақта осы ұрғашы тауықтардың арасынан төлдейтін мекиендерді іріктеп аламыз. Кейін олардың жұмыртқаларынан инкубатор арқылы балапан басып шығаратын боламыз. Ары қарай балапан сатумен де айналасатын шығармыз. Біздің арнайы тауық қораларымыз бар. Ішінде тұрақты +14 градус температура ұсталады. Қыстан шығынсыз шығамыз деп сенемін.

Осы жылы алға қойған тағы бір жоба бар. Эстониядан бөдене жұмыртқаларын сатып алайық деп жатырмыз. Қазіргі таңда инкубатор арқылы бөдене басып шығару технологиясын егжей-тегжейлі оқып, білмекшіміз. Бұл салада бізде тәжірибе жоқ. Дегенмен, нар тәукелге бел буып, бөдене еті мен бөдене жұмыртқасын сатуды да қолға алмақшымыз. Өйткені бөдене еті өте пайдалы және сұранысқа ие. Сондықтан алда жұмыс көп.

Тамақ өнімдерін өткізуді, сатуды қалай қолға алдыңыз? Қандай жарнама әдістерін қолданасыз?

Бұрыннан бері бізден сүт, қымыз, саумал, ешкі сүті сияқты сүт өнімдерін алып тұратын байырғы клиенттеріміз бар. Алла жазса, күзде тауық өнімдерімен де оларды қамтамасыз етеміз. Жалпы, әлеуметтік желі арқылы немесе брошюра таратып, жарнама жасаймыз. Әрине, ең тиімді тәсіл – таныстар, туыстар, достар арқылы құлақтандыру. Сонымен қатар бейне ролик түсіріп, жан-жаққа таратып отырамыз. Жолдың шетінде үлкен жарнамалық баннер тұр. Өткен-кеткен тоқтап, саумал ішіп, демалып қайтады.

Сіздің бизнесіңіздің бастапқы кезеңіне оралсақ. Қандай кәсіппен айналастыңыз, неден бастадыңыз?

Сонау өтпелі кезең – 90-шы жылдар болатын. Ауыл шаруасының күнделікті жұмысын жастайымнан атқардым. Менің әкем «Дружба» совхозының – қазіргі атауы Шемалған стансасы – бас инженері болатұғын. 8 сыныптан бастап мен комбайнердің көмекшісі болдым. Сол кезден бастап тәжірибе жинақтадым. 1998 жылы мен Алматыдағы Политех институтын тәмамдадым. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін менің әкем совхоздың 3 комбайынын жеке меншігіне алды. Сол кезде Солтүстік Қазақстан өңірінде аумақты егіс алқаптарында техника жетіспей жатыр дегенді ести сала, 3 комбайынды темір жолға тиеп жіберіп, Ақмола облысы, Есіл елді-мекенінде ат тізгінін тоқтатып, қызу науқанға кірісіп кеттік. 4 жыл бойы сол өңірдің ми батпағын кешіп, егін жинап, егіс алқаптарында жатпай-тұрмай еңбек еттік. Менің ең алғашқы еңбекақым осындай еді. Қиыншылықты көп көрдік. Солтүстік өңірдің ауа-райы құбылмалы келеді. Егін жинауға 1-1,5 ай уақыт қана бар, өйткені көбінесе ол жерде жауын жауып, егіс алқабы ми батпаққа айналады. Жұмыс аяқталысымен 3 техникамызды темір жол торабына дейін әкеліп, вагонға тиеп, кейін қайтатын едік. Келе сала, сынған жерлерін жөндеп, жергілікті егіс алқаптарына кете баратын едік. Бұл Қарасай, Жамбыл аудандары болатын. Келесі жазда қайтадан алысқа жол тартатын едік.

Жыл сайын табысымыз өсіп, мүйізді қара малды жемдеп, соғымға дайындай бастадық. Малды солтүстіктен тиеп әкелетінбіз. Шалғын шөпте өскен сиыр еті дәмдірек. Мал сойып, базарда ет сатуды да кәсіп қылдық. 2010 жылы қолым ұзарып, осы шаруа қожалығын сатып алуға мүмкіндік алдым. Ол кездегі қораларды көрсеңіз, шошитын едіңіз. Иесіз қалған мал қора еді. Уақыт өте келе бәрін реттеп, жөндеп алдым.

90-шы жылдары кәсіпкерлікпен айналыса бастадыңыз. Қиын-қыстау заманда қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз? Қылмыстық топтармен қарым-қатынасыңызды қалай реттедіңіз? Арасында заң бұзушылыққа бой бердіңіз бе?

Өзіңіз білетіндей, ол кездері өте қиын болатын. Барша халыққа. Тек кәсіпкерлерге ғана емес. Әрине, әр-түрлі қылмыстық элементтермен жол торабында кездесіп қалатынбыз. Алғашқы кездері солтүстік өңірде бізді алдап-сулап, жұмысын істетіп, ақшамызды бермей иттей қылғандары бар. Көп жұмыс беріп, ақымызды жемекші болды. Қылмыстық жәйттар, әрине, көп болды. Дегенмен ол кезде достарың, туыстарың, таныстарың арқылы, тіпті болмаған жағдайда криминалдық топтардық көмегімен мәселеңді шешуге тырысатынсың. Бізді ешкім «крышевать» еткен жоқ. Әркім өз проблемасын өзі шешуге талпынатын. Ер азаматтар өзара жолығып, мәселенің басын ашып айтып, бір келісімге келетін. Әр комерсанттың басынан өткен хикаясы көбедей көп. Қазіргі таңда олардың романтикалық кейіпкер образын сомдап, сериал, кино түсіріп әлек. Сол кезді сағынатындай. Ең бастысы – әрдайым берік ұстанымы бар еліңнің елеулі де лайықты азаматы болып қалу керек. 

Кәсіпкерлердің көпшілігі алғашқы жылдары ісі алдыға баспай, көп шығынға ұшырап, кәсіпорыны жабылып жататыны белгілі. Жаңадан тәй-тәй басқан кәсіпкер қандай қателіктер жібереді деп ойлайсыз?

Кез келген бизнес-жобаны егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеу қажет. Және барлық қиыншылыққа төтеп беруге дайын тұру керек. Ең басты мәселе – кадр жоқшылығы. Мысалы, құс шаруашылығында бізге ветеринар маман жетіспейді. Кәсіби мамандар жоқтың қасы. Жастар қара жұмысқа жоқ, ақсаусақ боп кеткендей. Тәуелсіз еліміздің ауыл шаруашылық саласы енді ғана бой түзеп келеді. Бұл ең шығыны мол кәсіп деп айтуға болады. Алдын ала болжай да алмайсың – кәсібіңнің нәсібін көресің бе әлде ісің күйіп кете ме. Менің ойымша, ауыл шаруашылығына бет бұрған кәсіпкерлерді мемлекет қолдау қажет. Бизнес жобаларды жеңілдікпен қаржыландырса, нұр үстіне нұр болар еді. Шаруа алдымен аяғына нық тұрып алғанша, бірнеше жыл салық түрлерінен босатылса. Өйткені қарапайым шаруаның қазіргі халі мүшкіл. 

Бизнесіңіздің жағдайын жақсартуда қандай құрылғыларды, гаджеттерді, заманауи технологияларды қолданасыз? (GPS, бейнебақылау және т.б).

Әрине, ондай құрылғыларсыз күнің қараң қалар. Барлық малдың – жылқы, сиыр, ешкі – құлақтарына чип салынған. GPS-сіз жоғалған малды табу оңай емес. Сонымен қатар шаруа қожалығында периметр бойынша бейнебақылау, дабыл қағу жүйелері орнатылған. Ферманың іші-сыртында не боп жатқанынан хабардармын. Телефоным арқылы бақылап отырамын.

  ismet.kz сайты Қазақстандағы ШОБ өкілдеріне қолдау көрсету үшін жасалған. Кәсіпкерлерге арналған қандай жаңалықтардан хабардар болғыңыз келеді?

Біз ауыл шаруашылығын жеңілдететін жаңа технологиялар туралы білгіміз келеді. Әсіресе малды көз алдыңда ұстайтындай етіп бақылайтын құрылғылар болса. Мал екеш мал шөп іздеп алысқа кетіп қалуы мүмкін. Сол кезде желі ұстамайтын жерге кетсе, оны табу оңай іс емес. Сигнал әлсірейді, не болмаса тіпті ұялы телефон ұстамай қалады. Байланыс үзіліп кете береді. Ал сосын аяғыңнан аяқ қалмай іздейсің кеп. «Қазақтелекомға» айтар тілегім бар: елді мекендерден оқшау тұрған шаруа қожалықтары үшін Интернет байланысын жақсартса. Интернет болса шаруа қожалықтары мүлдем басқаша деңгейге көтеріледі. 21 ғасырда жылдамдығы жоғары интернет барлық қызмет салаларында, әсіресе шаруа қожалықтарына керек жоғары жылдамдықты Интернетті қалаймыз. Фермерлерге үлкен көмек болар еді. Біз – қарапайым шаруалар – заман ағымынан қалмай, ілескіміз келеді.  

Кәсіп иесі алдымен немен айналысуы керек? Сіздің ойыңызша, ең негізгі 3 мақсатты атап өтсеңіз. Өз ісінің сәттілігі үшін кәсіпкер қандай міндеттерді шешу қажет?

Біріншіден, бухгалтерлік есепті оқып, үйренуі керек. Екіншіден, жаңа инновацияларды зерттеп, оларды қолдана алуы қажет. Жағымды жаңалықтардан қорқпауы керек. Әйтпесе бір адым алға басып, екі қадам артқа тартса, бір жерде жер таптап қалуы әбден мүмкін. Егер ақпартты жақсы қабылдасаңыз, қаруыңыз мықты деп есептеңіз. Үшіншіден, шаруа өз өнімдерін сата білу, өткізе білу шарт.

Біз ыңғайлы жерде орналасқандықтан, ісіміз оңды болды. Өйткені ел аузында айтылатын «селекциондық» жол бойында тұрмыз. Біз арқылы алматы-Нұр-Сұлтан тас жолына шығады. Жолда тұрған жарнама баннерін көргендер осы жерге тоқтап, тынығып алады. Сонымен бірге қоғамдық транспорт түрлері де арлы-берлі жүріп тұрады. Көбісі экологиялық таза азық-түлікті бізден сатып алады. Саумал, қымыздан дәм татады. Өзіміздің тұрақты клиенттеріміз баршылық.

Қарамағыңызда қанша адам қызмет етеді? Бизнес жоба құру тәжірибесімен бөліссеңіз. Өз бизнесіңізге мықты мамандарды қалай шақыруға болады?

Басында айтқандай, тағы қайталай кетейін. Қазір жақсы маман табу өте қиын. Қазір фермада тек 5 адам жұмыс істейді. 15 адамды жаз көктем, күз кездері жалдаймын. Шынын айту керек, фермада ешкім белін бүгіп, жұмыс жасағылары келмейді. Тіпті Еуропада да солай. Біз әрдайым керек маман иелерін іздестірудеміз. Әсіресе оқу бітірген жастарға көңіл аударамыз. Студент-практиканттар болса, қуана-қуана қарсы аламыз. Оларға еңбекақы төлейміз. 3 уақыт тамағымен бірге керемет жағдайда тұруларына мүмкіндік береміз. Жатын орындары қонақжай нөмірлерінен беріледі. Тағы қайталай кетейін, бізге салалық мамандар өте қажет, әсіресе мал дәрігерлері.

Адамдар ең алдымен өз ісін жанындай жақсы көру керек. Сонымен қатар малды бағып-қағып, оларға өз сүйіспеншілігін көрсетулері қажет.

КСРО-ның ыдырауынан ауыл шаруашылығы күйзеліске ұшырады. Жастар ауылды тастап, жаппай үлкен мегаполистерге жұмыс іздеп кетті. Көбінесе қала базарларында бас сауғалады. Барлығы коммерсант болғылары келді. Ол кезде өнеркәсіптер жабылып қалған, ештеңе өндірілмейді. «Сатып ал да, үстіне қосып сатып жібер» қағидасын ұстанып, тез ақша жасап, байып кетуді армандады. Қара жұмыспен айналыспай-ақ жеңіл ақша табу әдісіне құнығып алды. Келе-келе адамдардың психологиясы да бұзыла бастады. Дегенмен, кейінірек сені қоректендіретін де, саған табыс әкелетін де өз жерің, қорадағы малың екенін түсіне бастады. Көптеген ірі коммерсант бауырларымыз аграрлық салаға бет бұрды. Олар егістік жерлерді қалпына келтіре бастады. Түрлі дақылдар егіп, мал шаруашылығымен, құс өсірумен, балық аулаумен, ара өсірумен  және саятшылықпен айналыса бастады.

Біз бай да қуатты аграрлық елге айналуымыз керек. Ол үшін жеріміз де, басқа реурстарымыз баршылық. Оған қоса қоңыржай климатымыз да бар. Тек жалқауланбай, көп еңбектену қажет. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».

Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру мақсатында ҚР үкіметінің алдына қойған мақсаты  – шетелдік инвестицияларды елімізге тарта отырып, заманауи технологияларды әр салаға енгізіп, субсидиялармен көмек көрсету. Бизнес бастау үшін ақшаны қайдан алуға болады? Сізге субсидия берілді ме?

Біз жаңа технологияларды енгізуге субсидия алмадық. Егін жинау кезінде дәнді дақылдарға, бұршақ дақылдарына, дизельге субсидия аламыз. Кезінде «Казагрофинанс» компаниясынан несие алған едік. Бірақ бәрін уақытында қайтардық. Берешегіміз жоқ. Құс фабрикасын өз қалтамыздан қаржыландырдық. Кішігірім шаруа қожалықтары ондай субсидиялардан қалыс қалып отыр. Қарасай ауданында ірі құс фабрикасы бар. Олар жылына миллиар дана жұмыртқа бере алады. Осындай ірі компанияларға мемлекет тарапынан жақсы көмек көрсетіледі. Олардың өнімдері өзіндік құнынан төмен. Былайша айтқанда, ірі компаниялар шағын шаруа қожалықтары сияқты бәсекелестерді ығыстыру үшін өнімдерді әдйеілеп арзандатып сатады. Демпинг деген пәле ғой. 

Беларусь елі, КСРО-ның ыдырауынан кейін өздерінің ірі совхоз, колхоздарын сақтап қалды. Нәтижесінде мемелекетте ауыл шаруашылығы тауарларының өнімділік көрсеткіштері әлдеқайда жоғары. Олар тұтынған өнімдерден артық өнім шығарады екен.  Сонымен қатар мемлекет тарапынан қолдау 17% құраса, салыстырмалы түрде, ҚР -3-4%, Ресейде - 5-6% құрады.  Мемлекеттік қолдаусыз ауыл шаруашылығымызды жақсарта алмаспыз. Сондықтан үкімет бұл салаға тезірек қаржы құю керек. Тек осылайша ғана ауыл шаруашылығы жоғарғы қарқынмен дами түседі.

Жаңадан бастаған фермерлерге айтар болашағы зор бизнес идеяларыңыз бар ма?

Оларға айтарым – бөдене өсірсін. Қаз-қаз басқан фермерге бөдене бизнесі лайықты сияқты. Көп шығын кетпейді. 45 күнге дейін бір бөдене тек 1 кг жем жейді. Автоматтандырылған вагон типтес құс ұстайтын қораларға дейін бар. Ол жерге балапандарды жібересің. Ішінде тұрақты температура ұсталады. Уақытылы, есігін ашпай-ақ, жем-шөбін, суын бересің. 45 күннен кейін бөденелерді сойып, етін сатасың.

Бөденененің отаны Жапон елі екен. Жапондықтар тектен тек бөдене етін жемейді ғой. Сөйтсе, бөдене еті ең пайдалы, жеңіл ет екен. Ағзадағы токсиндерді шығаратын қасиеті бар. Дәмі де тауықтыкіне қарағанда тіл үйіреді. Сондықтан біз де осы бизнеспен айналысқымыз келеді. Келесі жолы құстардан тек жұмыртқа ғана алмай, ет өндірісін де ойластырып көрмекпіз. Салмағы бар тауықтарды сойып, етінен қатырып жасайтын тамақ өнімдерін жасамақпыз: манты, тұшпара, самса.

Олай болса шағын бизнестен бастаңыз. Ары қарай өз мүмкіндігіңізге, фантазияңызға қарай істі айналдырып әкетесіз.

Мысалы, мен осы ферманы сатып алғанда, бұл жерде тек саумалхана ашамыз деп ойлаған едік. Уақыт өте келе дами бастадық, кеңейдік. Қазір келген адамдарға ең дәмді, таза өнімдерді бере аламыз. Жақын арады мекиен тауықтар жұмыртқа баса бастайды. Тауық еті мен жұмыртқаның астында қалатын сияқтымыз. Жанұяңызбен келіп, демалып қайтыңыздар. Экофермада тамыз айында ағаштан салынған эко монша салынып бітеді деп жоспарлаудамыз. Клиенттеріміздің көңілінен шығуға бар күшімізді салудамыз. Бағасы қолжетімді. Иммунитетіңізді нығайтып, денсаулығыңызды күшейтіңіз. Сонымен қатар асфальтта өскен қала балаларын үй жануарларымен таныстырамыз, атқа отырғызып, қыдыртамыз. Тіпті бие, ешкі сиыр сауу сайыстарын өткізбекшіміз.  Бұл бәріне қызықты болады, әрі оның тәрбиелік мәні зор. Сіздерді асыға күтеміз!  

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін