Хо Ши Миннің соқпақ жолымен digital бақытына жету

Данияр Куантканов
ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
6729
0 пікірлер

Ешкімге сүйенері не тамыр-таныстығы жоқ жандар өмірде қалайша жетістікке жететіндігі әрдайым қызықты. Оған қанша уақыты кетеді және бұл жерде не маңызды: тәжірибесі, жасы немесе мінез-құлқының белгілі бір сипаты ма?

Біз «MixiSMM» компаниясының негізін қалаушы  Ерлан Байғабұловпен сұхбаттасқан едік. Енді оның жетістікке жету жолына көз жүгіртсек.

Қазір немен айналысасыз?

Менің қазіргі бизнесім – сандық (digital) маркетинг. Онымен 2019 жылдан бастап айналыса бастадым. Бұл бизнесімнің басқа бағытын ілгерілеу үшін қажет болатын: көпқабатты үйлер мен жеке үйлерге арналған бейнебақылау. Мен Google арқылы мән-мәтіндік жарнамамен айналыстым, бірақ ай сайын оның бағасы қымбаттай бастады. Сенің жарнамаңды көпшілік көрсін, белгілі болсын десең әр шерткен сайын қып-қызыл ақша төлейсің. Айына тіпті 1000 долларға дейін баратын. Бекерден бекер ақша шаштым. Амал жоқ, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жарнама беруге көштім, өйткені ол жерлерде төлем төлеуге қабілетті, ой-өрісі жоғары біздің мақсатты аудиториямыз отыр. Алдымен Facebook, Instagram-да жарнамаларды өз бетімше жүргізуге тырыстым. Бірақ бұл жерде жұмысым алға баспады. 2019 жылдың қазан айына дейін қиналып жүрдім. Осы іс әрекеттің арқасында Facebook алгоритмдері маған таргеттік жарнамаларды қалай беру керектігін оқытатын онлайн мектептер жайлы жібере бастады. Мен ресейлік бір онлайн-мектепті таңдап, тегін вебинарға жазылып, оқып шықтым. Сол уақытта өзіме қатты сендім. Осыдан кейін барлығын шыр айналдырып жібірермін деп ойладым. Бірақ ешқандай нәтижеге жете алмадым. Сол кезде маған ой түсті: ақшасын бір рет жақсылап төлеп, жеңіл-желпі білім алғанша бұл саланы терең зерттейін дедім. Бір айлық курсты сатып алдым да, оқуды бастадым. Біз вебинарларға қатысып, үй жұмыстарын орындап, қызу жұмысқа кірістік. Ақпараттар легі таусылар емес. 50 адамның ішінде тек 3 адам Қазақстаннан болатын. Сол уақытта, егер қателеспесем, осындай ақылы вебинар сатып алатын отандастарымыз жоқтың қасы болатын. Менің ойымша, алғашқыда мен сияқты өз өзіне сенімді, Youtube-тағы курстарды бір шолып шығып, бір керемет білім алып, бірден байып кетемін дейтіндер аз емес еді. 

Нәтижесінде мен өз компаниямның жарнамаларын дұрыс жасауды қолға алдым. Өз бетімше оқып, ақшаны үнемдеймін деп жарты жылымды босқа өткізіп алғанымды түсіндім. Youtube-тен таргетинг және SMM туралы бөлек-салақ мәліметтерді іздегенше, басынан жақсы вебинарды таңдап, ақшасын төлеп, оқып үйренуім керек еді. Хабарламаны қалай дұрыс беру, мәтінді қалай жақсылап жазу, параметрлерін қалай жөнге келтіру сырларын осы онлайн мектепте оқып үйрендім. Сабырлыларға тегін келетін нәрселер, шыдамсыздарға қымбатқа түсетіні белгілі болды.

2019 жылдың қараша айының соңында мен Вьетнамға жол тарттым. Жұбайым екеуіміз ол жерде жаңа жылға дейін боламыз деп жоспарлаған едік. Біз Муйне қаласында орналасып, қашықтан жұмыс істейтін болдық. Мен жергілікті бизнес-клубқа жазылып қойдым. Бұл әртүрлі салалардағы тәжірибе мен білім алмасудың еркін алаңы болатын. Мен де презентация дайындап, оны клуб отырыстарының бірінде көрсеттім. Сөйтсем, осы клубтағы таргетолог маман және Қазақстаннан келген жалғыз адам мен боп шықтым. Сол кезден бастап осы мамандықты игеруге қызығушылық танытқандардың саны көбейе бастады. Күніне 10 адамның жарнамасын жасауға көмектесіп отырдым. Табысым да тұрақты болды. Жұбайым екеуіміз осы елде қыс біткенше қала тұрайық деп шештік. 2020 жылдың маусым айында елге қайтып, жұмысымызды туған қаламызда жалғастырдық.

Қазіргі таңда офисім бар, қол астымда 9 адам жұмыс істейді. Facebook, Instagram, Тик-ток желілерінде парақшаларымыз бар. Бұрынғы менің негізгі кәсібім – сигнал беру жүйесі, күзет, өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау болса, екінші бағытым сандық (digital) маркетинг – өзін өзі ақтап, табыс әкелуде. Әсіресе пандемия кезінде жалғыз табыс көзі болды.

Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін немен айналыстыңыз?

Мен Энергетика институтын тәмәмдадым. Ең алғашқы компаниямды 2012 жылы аштым. Оған дейін 1998 жылдан бастап қауіпсіздік жүйелерімен айналыстым. 90-шы жылдары сауда агенті болып істеген кездерім болды. «Сәлеметсіз бе! Мен канадалық компанияның өкілімін. Бүгін сіздің жұлдызыңыз жанып тұр екен! Біздің жеңілдіктерге ие болдыңыз. Егер мына тауарды сатып алсаңыз, мына ойыншықты балаңызға тегін беремін!», - деп есік қақандар есіңіз де ме?

Сол кезден бастап мен тауар сатуды үйрендім, адамдармен қалай қарым-қатынаста болу керектігін білдім, сату сценариін дұрыс қолдану тәжірибесін алдым. Бізді белгілі бір технологияны қолдана отырып сатуды үйретті. Не айту, сценарий бойынша адамдармен қалай сөйлесу және сөйлескенде тіке қарап сөйлеу керектігін үйрендік. Бір жыл ішінде ысылып алдым. Талай табанымды тоздырып едім. Кейінірек еліміздегі сол кездің ең алғашқы сандық телефон станциясына қызмет жасайтын жергілікті телекоммуникациялық компания басшыларының бірі мені байқап, жұмысқа алды. Радиоарна арқылы телефон байланысын Саин көшесінен ары үйдегілерге сата бастадым. Ол кезде Саин көшесі жердің түбі еді, енді ғана тұрғын үйлер салынып жатқан болатын. Бұл телефон байланысы үшін жерді қазып, бағана қоюдың қажеті жоқ еді. Біздің жабдықтарымызды әр жерде орналастырса болғаны. Сосын әскери борышымды өтеуге аттандым. Жастайымнан ҰҚК-де жұмыс істесем деп армандайтын едім, бірақ арманым орындалмады.   

Қазіргі клиенттеріңіз тек қазақстандықтар ма?

Иә, көпшілігі алматылықтар.

Сіздің кәсібіңіз үшін Қазақстан (Алматы) нарығы тар емес пе?

Өкінішке орай, бұл салада ҚР нарығында жалған білгірлер көп. Осындай сауатсыздардан білім алам деп санын соққандар келісіде кез-келген маманға сақтықпен қарайтыны белгілі. «Ыстық сүтке аузы күйген салқын суды үрлеп ішеді» деген бар.

Клиенттеріңізді қалай табасыз?

Ауыздан ауызға тарап, клиенттер өздері келіп жатады. Біреуден опық жеп, келесісіне қыруар ақша жұмсап дегендей. Біздің жарнама беру, хабарлама, мәтін жазу тәсілімізді көріп, «бізге де солай жасауды үйретіңізші» деп келеді. Менің бір байқағаным: бір-бірімізге үйреніп, иігенімізше бір жарым ай өтеді екен. Әр адам бәрін өзі ғана істеп дағдыланған. Әлеуміттік желілерде мәтін жазуды ешкімге сеніп тапсырғысы келмейді. Мәтінді біз-сіз сияқты қарапайым адамдарға жазу керектігі туралы нақты түсінігі де жоқ. Белгілі бір саланың мамандарына арналған, ал қарапайым халыққа түсініксіз қиын терминдар мен үрей туғызар қысқарма сөздерді қыстыра беретіндер жеткілікті. Осыны түсінген кезде ғана қалам ұшынан керемет дүниелер шығады, жұмысының нәтижесін көреді. Ал сарапшы тұрғысынан жазылған лепірме мақалалардың ақылға қонбайтынын ескеру керек. Біз әрдайым айтып отырамыз:  «Түсініксіз хабарлама, мәтін жазбаңыз. Өйткені сіздің клиенттеріңіз әлеуметтік желілерде отырған қарапайым адамдар. Олардың миын ашытпай, бір тілде сөйлесу қажет. Тек не туралы жазылғанын түсінгенде ғана сізден тауар сатып алады». Біздің міндетіміз – осының барлығын жіліктей шағып түсіндіру. 

Кәсіпкер ретінде айтатыным: егер сүрінбей жетістікке жетем десеңіз – ақысын төлеп, біліміңізді көтеріңіз, сізге қызмет көрсететін адамға сеніңіз, оған тиісті ақысын төлеңіз. Қазір менің қол астымда шетелден оқып келген жастар жұмыс істеуде. Біз әлеуметтік желіні қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде жүргізе аламыз. Бұл дегеніміз – мендегі жастардың ой өрісі кең, тәжірибесі мол, бірнеше тілді меңгерген және басқаларға қарағанда әртүрлі мәдени кодтарды жақсы түсіне біледі. Осының бәрі - әулеметтік желідегі сапалы жұмыстың айғағы. Мен Telegram-да «Қазақстанның таргетолог мамандары» атты топ құрдым және осы жерде бір-бірімізбен тәжірибе алмасудамыз. Мен мұны сандық маркетингтің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында жасадым, өйткені біз (қазақстандықтар) бұрынғы КСРО-дағы көрші елдерден талай артта қалып келеміз. Бірақ біз Қытай тәжірибесіне назар аударуға тырысамыз. Қытайлықтар сандық технологияларды бизнеске айналдырып, оларды адамдардың күнделікті өміріне енгізуде. Мысалы, қытайлықтар қазір жаппай ағылшын тілін үйренуде, сондықтан онлайн білім беру нарығы қарқындап дами бастады. Олардың идеяларына көзқырын салудамыз. Сондай-ақ әлеуметтік рейтинг деп аталатын жүйені қытайлықтар заңдастырғандары белгілі. Қарапайым тілмен айтқанда, егер сіз өзіңізді қоғамда лайықты, әдепті ұстасаңыз, анаңыздың айтқанын бұлжытпай орындасаңыз (бұл жағдайда мемлекет) – рейтингіңіз жоғары болады. Сізге электр қуаты төлемдеріне жеңілдіктер берілетін болады. Тауарларды кепілсіз жалға ала аласыз, банктен төмен пайызды несие ала аласыз және т.б. Бәлкім біз де бұған келетін шығармыз.

Қазір көп адам Қазақстаннан кетіп жатыр. Әр түрлі саладағы білікті мамандар жетіспей жатыр. Осыған қалай қарайсыз?

Егер сіз сандық (digital) бизнеспен айналысатын болсаңыз, қай елде тұру, тұрмауыңыз маңызды емес. Бірақ көпшілігі шетелде ісім оңды болады деп сенеді. Неліктен солай ойлайтындарын білмедім. Бұл күйінішті үрдіс уақыт өте өз қалпына келеді деп үміттенемін. Салықтардың деңгейі, бізге қарағанда, Ресейде жоғары.  2020 жылы Қазақстан кәсіпті жүргізу ыңғайлылығы рейтингі бойынша 25-ші орында тұр. Ал Ресей – 28-ші орында. Біздің алдымызда, КСРО елдерінің ішінде, тек Балтық елдері.

Жетістікке жеттім деп ойлайсыз ба?

Жетістікке жету жолындамын.

Ал қайда бағыт алып бара жатқаныңызды білесіз бе?

Аңғарған сияқтымын... Мен тұлға, кәсіпкер ретінде қалыптасатын өмірлік жолымды жүріп өттім деп айта аламын. Мен салық жүйесі туралы жақсы білемін және бухгалтерлік есепті түсінемін. Қазіргі таңда бизнес жүргізу бірнеше есе жеңілдеді. Бұрын салық органдарында ұзақ уақыт кезекте тұратын едік. Барлық қағаздарды қолмен толтыратынбыз. Ал соңғы рет банк бөлімшесіне барған кезім тіпті есімде жоқ. Барлық құжат айналымы онлайн режимінде жүзеге асырылады. Қолма-қол ақша алатын чек кітапшалары өткен дүниеге айналды.  Сіз ақшаны жай ғана картаға салып қоясыз.

Менің жақсы көретін Вьетнам елінде мұның бәрі әлі күге дейін жоқ. Дегенмен шетелде көп жыл тұрып, отанына қайта оралып жатқандар көп. Бұл жақсы үрдіс жалғасын табады деп сенемін.   1975 жылы соғыс аяқтала бірнеше миллион вьетнамдықтар жан-жаққа тарап кетті: бір бөлігі АҚШ-та бір бөлігі Еуропада бой тасалады. Вьетнамнан тыс елдерде диаспорада тұратындарды виеткиеу деп атайды. Олардың менталитеті басқаша. Шетелде жақсы білім алған көзі ашық, көкірегі ояу адамдар, бизнес жүргізуде батыстық тәжірибеден нәр алғандар. Сондықтан ел экономикасын дамытуға ат салысамыз деп отанына қайтып келіп жатқан қандастарын Вьетнам елі қуана қарсы алады.  

Біз де өз елімізде патриоттық рухты көтеруіміз керек. Аса табандылықпен нысаналы жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Мен бизнеске жаңадан келгендердің, шетелге кетіп бара жатқандардың, қай елде болмасын, бақытты болуын тілеймін. Өркендері өссін!

Өз басым, оңтүстік-шығыс елінің бір жылы жерінде қыстап шығып, сол жерде тәжірибе жинап, Алматыға қайтадан келіп тұрамын. Вьетнамға сапар алдында мынадай ой келді: о дүниеде жұмақ та, тозақ та болмаса ше? Өзім үшін былай шештім: «Қазір қырықтың алтауына келдім. Айналаңдағыларға барынша пайда әкелетін қызықты өмір сүрің керек». Ең бастысы осы. Мені ынталандыратын да осы.

Аударған: Құралай Әшімова

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін