Дәрілік заттарды таңбалау: ашықтық пен сенімділікке апарар жол
Таңбалау
Бүгін, 11:17

Дәрілік заттарды таңбалау: ашықтық пен сенімділікке апарар жол

3 рет қаралды
Фото
Ольга Дюкарева
автор

Дәрілік заттарды таңбалау – бұл әрбір қаптаманың өндірістен соңғы тұтынушыға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік беретін бірегей Data Matrix коды берілетін жүйе. Оның енгізілуі нарықтың ашықтығын арттыру және жалған өнімдерден қорғану үшін қажетті қадам.

 

Бүгінде таңбалау  – тек заң талаптары ғана емес, пациенттер мен реттеуші органдардың өндірушіге деген сенімін нығайтатын маңызды құрал. Бұл жүйе жеткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде дәрі-дәрмектің сапасы мен түпнұсқалығын бақылауды қамтамасыз етеді. Жүйенің негізгі мақсаты – препараттың қозғалысын қаптама желісінен бастап дәріханаға немесе медициналық мекемеге дейін толық қадағалау.

 

Таңбалаудың негізгі міндеттері:

  • пациенттерді контрафакт және сапасыз дәрі-дәрмектерден қорғау;
  • логистика мен тауар айналымының ашықтығын арттыру;
  • фармацевтикалық нарықтың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыру.

 

Қадағалау жүйесі пайда болғанға дейін нарық жалған препараттардың түсуі, қайтарымдар және «сұр» импорт сияқты қауіптерге тап болатын. Таңбалаудың енгізілуі бұл тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік берді. Енді әр дәрілік қаптаманың өз цифрлық «паспорты» бар, ол препараттың түпнұсқа екенін және GMP стандарттарына сәйкес өндірілгенін растайды.

 

Мемлекет пен бизнес үшін таңбалау тек бақылау құралы ғана емес, қуатты талдамалық ресурсқа айналды. Жүйе деректері нақты өндіріс және сату көлемдерін бақылауға, сұранысты болжауға және жеткізу тізбегін шынайы ақпарат негізінде басқаруға мүмкіндік береді.

 

Таңбалауды енгізу процесін шартты түрде бірнеше негізгі кезеңге бөлуге болады:

 

  1. Заңнамалық талаптарды талдау және техникалық шешімді таңдау – осы кезеңде жүйе архитектурасы, қажетті жабдықтар және корпоративтік ERP-жүйемен интеграция анықталады.
  2. Өндірістік желілерге жабдық орнату – бірегей кодтарды басып шығару және сканерлеуді қамтамасыз ететін принтерлер, сканерлер және агрегация модульдері орнатылады.
  3. IT-жүйелерді интеграциялау – өндіріс желілері, корпоративтік ішкі жүйелер және ұлттық реттеуші арасында деректер алмасу бапталады. Сондай-ақ клиенттермен және контрактілік өндірушілермен интеграция жүзеге асырылады.
  4. Персоналды оқыту – ең маңызды кезеңдердің бірі. Қызметкерлер тек өндірістегі процестерді ғана емес, бүкіл қадағалау тізбегін толық түсінуі қажет.

 

Негізгі сын-қатерлердің қатарында бірнеше жүйелерді (сериализация, MES, WMS, ERP) синхрондау қажеттілігі, нақты уақыт режимінде тұрақты деректер алмасуды қамтамасыз ету және персоналды жаңа процестерге бейімдеу мәселелерін атап өтуге болады. Бұл міндеттер кезең-кезеңімен енгізу, IT және өндірістік командалардың тығыз өзара әрекеттестігі, сондай-ақ сенімді технологиялық серіктестермен ынтымақтастық арқылы сәтті шешілді.

 

Таңбалау жүйесін дәріхана және дистрибьюторлық тәжірибеге енгізу – бұл жай ғана техникалық жаңарту емес, дәрілік заттар айналымының бүкіл тізбегін кешенді қайта құру. Сондықтан бұл процеске жүйелі түрде қарау маңызды.

 

Біріншіден, инфрақұрылымның техникалық дайындық деңгейі: дәріханалар мен дистрибьюторлар үшін бұл мүлтіксіз жұмыс істейтін сканерлердің, жаңартылған бағдарламалық жасақтаманың және тұрақты интернет-қосылымның болуын білдіреді. Тек осы жағдайда орталық жүйемен нақты уақыт режимінде үздіксіз деректер алмасу мүмкін болады.

 

Екіншіден, IT-жүйелердің дұрыс интеграциясы: дәріханаларда және қоймаларда қолданылатын есептік бағдарламалар таңбалау жүйесімен синхрондалуы тиіс, бұл болуы мүмкін қателерді азайтып, барлық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді.

 

Үшіншіден, персоналды оқыту: ең жетілдірілген технологияның өзі жұмыс принциптерін дұрыс түсінбесе нәтиже бермейді. Жүйелі оқыту және практикалық тренингтер адами факторды азайтуға және процестердің тиімділігін арттыруға көмектеседі.

 

Қайтарымдар мен рекламацияларды өңдеу ерекше назар аударуды талап етеді – бұл қадағалау жүйесінің тұтастығын сақтау үшін кодтармен дұрыс жұмыс істеу аса маңызды болатын жауапты кезең.

 

Практика көрсеткендей, қателердің басым бөлігі техникалық ақаулардан емес, ұйымдастырушылық процестерден туындайды.

 

Бірінші кең таралған қате – дайындық кезеңін бағаламау.

 

Екінші қате – кодтармен қате жұмыс істеу.

 

Үшінші қате – персоналды жеткіліксіз дайындау.

 

Төртінші қате – таңбалауды реттеуші ауыртпалық ретінде қабылдау.

 

Polpharma Santo тәжірибесі көрсеткендей, таңбалауды табысты енгізу ERP, WMS және сериализация модульдері сияқты барлық ішкі IT-жүйелердің интеграциясына байланысты. Дәл осы деректердің байланысы әрбір қаптаманың қозғалысын бақылауға және қателердің алдын алуға мүмкіндік береді.

 

Біз IT-жүйелер архитектурасын талдаудан бастап, мүмкңн болатын «осал жерлерді» анықтадық. Тәжірибе көрсеткендей, ERP және WMS жүйелерінің сериализация жүйесімен дұрыс интеграциялануы өте маңызды: дәл осы байланыс деректерді өңдеудің нақтылығына және жеткізу тізбегінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

 

Біз тауардың әрбір бірлігі бойынша кодтарды беру және олардың мәртебесін тексеруді қамтамасыз ететін екіжақты интеграцияны жүзеге асырдық. Бұл жөнелту, қабылдау және қайтару кезінде сәйкессіздіктерді болдырмайды.

 

Киберқауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық жүйемен барлық деректер алмасу көп деңгейлі аутентификация және шифрлау арқылы қорғалған байланыс арналары бойынша жүзеге асады. Серверлер мен бұлттық компоненттер еуропалық стандарттар бойынша сертификатталған, ал оларға қол жеткізу рөлдер мен жауапкершілік деңгейлері арқылы қатаң реттеледі.

 

Заманауи таңбалау жүйесінің маңызды элементтерінің бірі – түпнұсқалықты тексерудің цифрлық құралдары, мысалы Naqty Onim мобильді қосымшасы. Оның көмегімен кез келген пациент бірнеше секунд ішінде ресми деректер базасында Data Matrix кодының тіркелген-тіркелмегенін тексере алады.

 

Қосымша өндіруші, құрамы және жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты көрсетеді, ал күмән туындаған жағдайда eOtinish жүйесі арқылы шағым жіберуге мүмкіндік береді. Осылайша, жалған өнімдермен күрес мемлекет, өндірушілер және азаматтардың ортақ ісіне айналуда.

 

Бүгінде дәрілік заттарды таңбалау жүйесі реттеуші талаптан саланы дамытуға арналған стратегиялық құралға айналды. Ол мемлекет, бизнес және пациенттерді біріктіріп, сенім мен ашықтық экожүйесін қалыптастырады.

 

Polpharma Santo тәжірибесі көрсеткендей, жүйелі тәсіл қолданылғанда таңбалау жай ғана технологиялық шешім емес, компанияның цифрлық трансформациясының бір бөлігіне айналады. IT-жүйелердің сауатты интеграциясы, сенімді инфрақұрылым, қызметкерлерді оқыту және деректер сапасының мәдениеті қадағалау процесін тиімді басқару құралына айналдыруға мүмкіндік береді.

 

Polpharma Santo үшін таңбалау – аяқталған жоба емес, одан әрі дамуға берік негіз: өнім қозғалысын талдау, логистиканы оңтайландыру және қорларды нақты уақыт режимінде басқару.

 

Осылайша, әр қадам сайын ашық, қауіпсіз және пациентке бағытталған заманауи цифрлық фармацевтика қалыптасуда.

 

Автор: Ольга Дюкарева – Polpharma Santo компаниясының сериализация және агрегацияны басқару бөлімінің басшысы

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту