Алматыда өткен «Фармбюджет 2026» форумында дәрілік заттарды міндетті таңбалаудың бірінші жылының нәтижелері ұсынылды. Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторы жобасының жетекшісі Анар Карибаева жүйеге фармацевтикалық нарықтың барлық қатысушыларының сәтті қосылғанын және енгізудің нәтижелерін баяндады.
Бүгінгі таңда таңбалау жүйесіне 19 отандық өндіруші, 140-тан астам шетелдік компания, шамамен 300 импорттаушы мен дистрибьютор, дәрі-дәрмек қоймалары, 4500-ден астам дәріхана және 3500 медициналық ұйым қосылған. Жүйе әрбір дәрі қаптамасының өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етеді.
Цифрлық таңбалау арқылы алынған ақпарат дәрілік заттардың жеткізілімдерін тиімді жоспарлауға және олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін есептердің негізіне айналды.
Міндетті таңбалау дәрі-дәрмектің айналымын бақылауды күшейтуге және фармацевтикалық нарықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жүйенің арқасында заңсыз препараттардың айналымға түсуіне жол берілмейді, ал реттеуші жеткізу тізбегінің барлық кезеңдеріндегі дәрілердің қозғалысы туралы толық ақпарат алады.
«Фармбюджет 2026» форумы фармацевтикалық индустрия, мемлекеттік органдар және сарапшылар қауымдастығы арасындағы диалог үшін маңызды алаң болып табылады. Іс-шара барысында саланы цифрландыру, мемлекеттік сатып алуларды реформалау, жергілікті өндірісті дамыту және жаңа реттеу тетіктерін енгізу мәселелері талқыланды. Ерекше назар көтерме және бөлшек сауда нарықтарының трансформациясына, сондай-ақ фармацевтикалық жоспарлауда заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануға аударылды.
Әрбір қазақстандық Naqty Onim қосымшасындағы Data Matrix кодын сканерлеу арқылы дәрі-дәрмектің түпнұсқалығын тексере алатынын айта кеткен жөн. Егер 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген препарат таңбаланбаса немесе код оқылмаса – өтінішті тікелей қосымшада қалдыруға болады.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы