Tañba бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторы дәрі-дәрмекті цифрлық таңбалау жүйесінің статистикасын ұсынды. Жүйе іске қосылғаннан бері Қазақстанда 513 миллион дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланып, оның ішінде 104 миллионнан астамы дәріханаларда сатылған.
Дәрілік заттарды міндетті таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеде енгізілді. Сол уақыттан бері дәріхана сөрелері күн сайын таңбаланған препараттармен толықтырылуда, олардың үлесі бүгінде 65%-дан асты. Бірыңғай оператор жүйесінің деректері бойынша, қазақстандықтар дәріханалардан күніне жарты миллионнан астам таңбаланған дәрі-дәрмек сатып алады. Мысалы, 2025 жылғы 26 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 588 мың қаптама дәрі-дәрмек сатылған. Жалпы тамыз айында күндік сатылым динамикасы 480 мыңнан 588 мыңға дейінгі аралықта болған.
Сонымен қатар таңбалау жүйесі мемлекеттік бюджет есебінен бөлінетін дәрі-дәрмектің толық бақылауын қамтамасыз етеді. Таңбалау енгізілгеннен бері қазақстандықтарға: амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 18,7 миллион қаптама, стационарлық ем аясында 34,3 миллион қаптама таңбаланған дәрі берілген.
Айта кетейік, бүгінгі таңда тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде дәрі-дәрмек айналымының 10 мыңнан астам қатысушысы тіркелген. Олардың ішінде: 19 отандық өндіруші, шамамен 140 шетелдік өндіруші, 300-ден астам импорттаушы/дистрибьютор, 3 900-ден астам медициналық ұйым, 4 630 дәріхана және 1 814 ӘМСҚ жеткізушісі бар.
Қазақстанда барлық дәрі-дәрмекке міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданылады. Жүйе әрбір қаптамаға қойылатын бірегей Data Matrix кодтарының арқасында дәрінің өндірістен бастап соңғы тұтынушыға сатылғанға дейінгі толық өмірлік циклін бақылауға мүмкіндік береді. Таңбалау контрафакт пен заңсыз айналымға қарсы күрестің негізгі құралына айналып, сондай-ақ фармбақылаудың тиімділігін арттыруға және дәрілердің сапасын қадағалауға септігін тигізді.
Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы