2020 жылғы 1 ақпанға дейін Армениядан көлік әкелген және Қазақстан Республикасында есепке қойған қазақстандықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлік салығын төлейді.
2006 жылғы 06 қарашадағы Табыс пен мүлiкке салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстан және Армения қаржы министрліктері қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында көлік құралдарына салық салу бойынша өзара уағдаластыққа келді–, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің нормаларына сәйкес көлік салығын төлеу міндеті көлік құралын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында есепке қойған кезден бастап туындайды.
Мысалы, егер көлік құралы 2020 жылғы 1 қарашада тіркеу есебіне қойылса, 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей 2020 жылғы қараша мен желтоқсан үшін бюджетке көлік салығын төлеу қажет.
Олай болмаған жағдайда әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есептеу жүзеге асырылады.