Қандай жағдайларда заңды тұлғалар жеңілдетілген салық режиміне ауыса алады?
ЖШС және ЖК арналған жеңілдетілген декларацияны тіркеуде айырмашылық бар ма?
ЖК үшін салық мөлшерлемелері мен жеңілдетілген режимдегі мөлшерлемелерді қалай шатастырып алмау керек?
Осы жайлы біз "Учет Консалт" ЖШС директоры Ардақ Мақұлбековамен әңгімелестік. Бұл барлық кәсіпкерлер үшін қажет ақпарат, өйткені биыл Салық Кодексіне көптеген өзгерістер енгізілді. Жаңалықтардан хабардар болу үшін сұхбатты соңына дейін оқып шығыңыз.
Ардақ Бақытбекқызы, патент, жеңілдетілген режим, белгіленген шегерім деген ұғымдармен таныстыра кетсеңіз? Бұл салық режимдерінде қандай түбегейлі айырмашылықтар бар?
Салық төлеу әркімнің мойнында, ал салық шарттары барлығына тең болуы керек. Қазақстанда ШОБ секторындағы кәсіпкерлер үшін патент, "жеңілдетілген", бекітілген шегерім сияқты арнайы салық режимдері (АСР) әзірленді.
Жеңілдетілген нұсқадан бастайық. Бұл салықтың жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлер үшін ыңғайлы және ең кең таралған түрі. Жеңілдетілген режимде жұмыскерлердің санын (ЖК-ні қоса алғанда) 30 адамға дейін болу шарт. Жартыжылдық айналым 73 миллион теңгеден аспауы тиіс. ЖК жарты жылда бір рет 910 үлгісі бойынша есеп тапсыра алады.
Бекітілген шегерім - бұл ЖБОР (жалпыға бірдей орнатылған режим) мен жеңілдетілген режимдерге ұқсас және олардың әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіретін режим түрі. Ол бізде 2018 жылдан бастап қолданылады. Қарапайым бухгалтерлік есеп және шығындардың көп бөлігін шегеру мүмкіндігі. Бекітілген шегерім кезінде қызметкерлер саны 50 адамға дейін болуы мүмкін және жылдық айналым мөлшері 441 миллион теңгеден басталады.
Патент - айналымның 2%-ын төлейтін кәсіпкерлерге арналған "қарапайым" салық режимі. Кәсіпкер белгілі бір мерзімге бизнеспен айналысуға алдын ала "рұқсатты" сатып алады. Мұнда жағдайда сіз жұмысшы жалдай алмайсыз. Бұл белгілі бір қызмет түрі. Патент бойынша есептеу кезінде адам өзі үшін барлық әлеуметтік аударымдарды алдын ала төлеуі тиіс. Осыдан кейін ғана патент алуға болады. Патентті бір айдан бір жылға дейін алуға болады. Патент мерзімі аяқталғанға дейін сіз патентке қайта өтініш беруіңіз керек. Әйтпесе, келесі айдан бастап сіз автоматты түрде жалпыға бірдей орнатылған режимге - ЖБОР-ға ауысасыз.
910 есеп үлгісі дегеніміз не? Оны қалай толтыруға болады?
910 үлгісі тек екі беттен тұрады, қызметкерлерге арналған қосымша беті бар, өйткені сіз оларға жалақы төлейсіз. ЖК үшін бұл табыстың 3%-ы. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер осы салықтардан босатылған. 3% жалпы айналымнан, сіздің барлық табысыңыздан есептеледі. Оның 1,5%-ы жеке табыс салығына (ЖТС) және 1,5%-ы әлеуметтік салыққа жұмсалады. 2022 жылға дейін барлығы одан босатылды. Бірақ міндетті әлеуметтік аударымдар бар, оларды ЖК өзі үшін де, өз қызметкерлері үшін де төлеуі қажетБиылғы жылы зейнетақы аударымдары – 6000 теңгені, әлеуметтік аударымдар – 2100 теңгені, ал ММС міндетті жарналары - 4200 теңгені құрайды. Бұл, әрине, 2021 жылға қарағанда көп, өйткені бізде ЕТЖ 60000 теңгеге өсті. Осыған байланысты жеке кәсіпкер төлейтін әлеуметтік аударымдар тиісінше шамамен 30% - ға өсті. Кәсіпкерлер үшін басқа салықтық жүктеме жоқ. Заңды тұлға сондай-ақ жеңілдетілген декларация бойынша арнаулы салық режимін қолдана алады. Сонымен қатар оның жарты жылда 73 миллион теңгеге дейінгі және жалдамалы қызметкерлерінің 30 адамға дейінгі табысы болуы тиіс. Мұнда маңызды нюанс бар! 2022 жылы қосылған құн шегі 20 000 АЕК-ке дейін төмендеді. Бұл жылына 61 миллион теңге ғана. Оның жарты жылда айналымы 73 миллион екенін білетін кәсіпкер саспай тыныш жұмыс істейді. Шын мәнінде, ол ҚҚС шегінен асып кетіп, айыппұл төлеуге мәжбүр болуы мүмкін. Ал ҚҚС сол айналымның 12% -ын құрайды. Бұл жағдайда, әрине, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жеңілдетілген режим шегінен гөрі ҚҚС шегіне көбірек сенім артуға кеңес беремін, өйткені ешкім үстінен тағы 12% төлегісі келмейді. Бұл тауардың немесе қызметтің қымбаттауына әкеп соғады. Мысалы, ҚҚС шегінен асып кеткен кәсіпкерлер мәселесін шешіу үшін бізге келіп жатады. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Олар айналымы 73 миллион жеңілдетілген режимге бой түзеп (өткен жылы бұл аз болды), өкінішке орай, ҚҚС шегіне көп мән бермейді. ЖК жеңілдетілген бағамен есеп жүргізбеуі мүмкін, ал егер ҚҚС бойынша шегі асып кетсе, онда бұл міндетті бухгалтерлік есепті қажет етеді. Онымен қоса тауар сататындар электронды шот-фактуралар мен ілеспе жүкқұжаттарды басып шығарулары тиіс. Бір сөзбен айтқанда, бәрі оңай көрінгенмен, күтпеген кедергілер шыға келуі мүмкін. Сондықтан ұқыпты болыңыздар демекпін.
ЖК мен ЖШС-тегі жеңілдетілген режим әр түрлі ме?
Ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек заңды тұлға бухгалтерлік есепті жүргізуге міндетті. Жеңілдетілген режимді қолдану ЖК үшін де, ЖШС үшін де бірдей. Заңды тұлғалар үшін басқа да арнайы режимдер бар.
Егер адамның бірнеше сауда нүктелері болса, жеңілдетілген декларация режимін қолдануға бола ма?
Негізінде, ешқандай шектеулер жоқ. Олар жеңілдетілген немесе жалпыға бірдей орнатылған режимді қолдана алады.
АСР (арнаулы салық режимін) қолдану үшін 2022 жылы табыстың қандай шектері белгіленген?
Жоғарыда айтып өткенімдей, АСР - бұл арнаулы салық режимі. 2022 жылы 24038 АЕК, яғни 73 миллион теңгені құрайды. Бұл жарты жылдық табыс.
Биыл жалақы қалай өзгерді?
Жалақы мөлшері өзгерді. Егер ЖК-те қызметкерлер болса, тек әулеметтік салықтан басқа жалпыға бірдей немесе жеңілдетілген режимдерді қолданса есептеу бірдей болады. Арнайы салық режимін қолданатындар жалақыдан әлеуметтік салық төлемейді. Олар оны табыстан төлейді. Ал қалған жағдайда бірдей есептеледі. Өткен жылы ең төменгі айлық жалақы - 42500 теңге мөлшерінде болса, биыл жалақы ең аз дегенде 60000 теңгеге дейін өсті, бірақ есептеу кезінде 14 АЕК - 42882 теңге болып қалды. Жалақы 60000-ға дейін өскенмен жеке табыс салығын есептеу кезінде олар көп ұтқан жоқ.
2022 жылы кәсіпкерлер табыс салығын төлей ме?
Егер бұл жеңілдетілген режим болса, кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлемейді. 2023 жылға дейін олар осы салықтан босатылған. Бірақ жалақыдан 10 пайыз мөлшерінде ЖТС төленеді.
Патент режимін жеңілдетілген режимге қалай ауыстыруға болады?
Егер ЖК салық режимін ауыстыруды жоспарласа, онда бұл туралы хабарламаны ауысу жоспарланған ай басталмас бұрын беру керек. Әйтпесе ол автоматты түрде жалпыға бірдей режимге ауыстырылуы мүмкін. Егер бизнесті тоқтата тұру жоспарланса, тоқтата тұру туралы өтініш ағымдағы патент аяқталғанға дейін берілуі керек. Егер кәсіпкер қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін патентті керек қылмаса, бірақ қызметін тоқтата тұру туралы өтінішін бермесе, онда ол автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыстырылады. Осы операциялардың барлығын ЭЦҚ қолдана отырып, салық төлеушінің кабинеті арқылы жасауға болады.
Жеңілдетілген режимді кім қолдануға құқылы емес?
Мына қызмет түрлерін жүзеге асыратын кәсіпорындар:
- акцизделетін тауарлар өндірісі;
- акцизделінген тауарларды сақтау және көтерме саудасы;
- мұнай өнімдерінің жеке түрлерін – бензинді, дизель отынын және мазутты сату;
- лотерея ойынын өткізу;
- жер қойнауын пайдалану;
- шыны ыдысты жинау және қабылдау;
- түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу;
- кеңес беру қызметтері;
- бухгалтерлік есеп немесе аудит саласындағы қызмет;
- сақтандыру брокері мен сақтандыру агентінің қаржылық, сақтандыру қызметі және делдалдық қызметі;
- құқық, әділет және сот төрелігі саласындағы қызмет;
- қаржылық лизинг аясындағы қызмет.
Сондай-ақ агенттік шарттар негізінде қызмет көрсетпейтін кәсіпорындар:
Бірінші тараптың агенті сыйақы үшін екінші тараптың тапсырмасы бойынша өз атынан, бірақ екінші тараптың есебінен не екінші тараптың атынан және есебінен белгілі бір іс-әрекеттер жасауға міндеттенетін шарттар.
Сондай-ақ, жеңілдетілген режимді мыналар қолда алмайды:
- құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар;
- заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері;
- өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері және (немесе) әртүрлі елді мекендерде салық салу объектілері бар салық төлеушілер;
Орналасқан жері бойынша оның функцияларының бір бөлігін орындайтын стационарлық жұмыс орындарымен жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше. Егер жұмыс орны бір айдан астам мерзімге құрылса, ол стационарлық жұмыс орны болып есептеледі.
Мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру бойынша ғана қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға жатпайды;
- басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25% - дан асатын заңды тұлғалар;
- құрылтайшысы бір мезгілде АСР немесе салық салу ерекшеліктерін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы болып табылатын заңды тұлғалар;
- коммерциялық емес ұйымдар;
- ойын бизнесі салығын төлеушілер.
Жеңілдетілген декларация ШОБ субъектілері үшін пайдалы ма?
Менің ойымша, бұл өте пайдалы. Кәсіпкерлікпен айналысуға шешім қабылдаған адам үшін бухгалтерлік есеп, салықтар, есептер үрей туғызатыны анық. Барлығында қорқыныш сезімі пайда болады. Жеңілдетілген режим өте ыңғайлы. 3% төле де, тыныш бизнесіңмен айналыс!
Ismet.kz порталына айтар тілегіңіз?
Тамаша сайт. Қазіргі өмірімізге цифрландыру жақсылап енді. Егер бірдеңе қажет болса, біз бәрін интернеттен іздейміз. Сіздер кәсіпкерлерге көмек көрсетесіздер. Оларға тегін кеңес беріп, білім деңгейін арттырасыздар. Мен салық бойынша кеңес беретін сертификатым бар мамамын. Бұл менің қызметім. Кеңес бергенім үшін маған ақша төлейді. Ал сіздерде бәрі тегін. Адам өз ісін ашқысы келгенде ең алдымен интернеттен, оның ішінде сіздің сайтыңыздан ақпарат іздейді, онда ол көптеген қызықты нәрселерді біле алады. Бұл керемет. Сіздерге табыс тілеймін! Аудиторияларыңыз кеңейіп, клиенттердің ризашылығына бөленіңіздер!