Темекіге сұраныс төмендеуде: қыздырылатын темекі мен кальян Қазақстанда танымалдыққа ие болуда
Таңбалау
07.09.2025, 09:45

Темекіге сұраныс төмендеуде: қыздырылатын темекі мен кальян Қазақстанда танымалдыққа ие болуда

1099 рет қаралды
Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының деректеріне сәйкес, Қазақстанда темекіге сұраныс төмендеп, баламалы темекі өнімдерінің танымалдығы артып келеді. 2020 жылғы 1 қазанда елде темекі өнімдерін міндетті таңбалау енгізілді. Сол уақыттан бері Қазақстанда өндірілген және шетелден импортталған таңбаланған темекі өнімдерінің көлемі 6 млрд қорапқа жақындады.

 

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өндірілген және импортталған қыздырылатын темекі өнімдерінің көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69%-ға артты. Егер өткен жылы осы кезеңде 48,5 млн қорап стиктер өндірілсе және импортталса, биыл бұл көрсеткіш 82 млн-ға жетті. Сондай-ақ кальянға арналған темекіге сұраныс өскен. Өндіріс пен импорт көлемі 766 мыңнан 1,7 млн қорапқа дейін, яғни екі еседен астам артты.

 

Ал темекіге деген сұраныс, керісінше, төмендеп келеді. Егер 2021-2023 жылдары темекі өндірісі мен импорты 950 млн-нан 1,05 млрд қорапқа дейінгі аралықта болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 844 млн-ға дейін қысқарды. Сонымен қатар жыл сайын сигарилла мен сигара импортының көлемі артып келеді.

 

Tañba бірыңғай операторының деректеріне сәйкес, Қазақстан нарығындағы темекінің негізгі бөлігі ел ішінде өндіріледі. Жыл басынан бастап елде өндірілген 581 млн қорап өнім таңбаланған. Жалпы өндіріс пен импорт көлемі 626 млн қорапты құрады. Негізгі жеткізуші елдер – Өзбекстан, Ресей және Германия.

 

Қыздырылатын темекі өнімдері нарығында отандық өндірістің үлесі шамамен жартысына жетпейді. Негізгі экспорттаушылар – Өзбекстан, Индонезия және Польша. Ал кальянға арналған темекіде импорт басым – өнімнің 69%-ы шетелден жеткізіледі, оның ішінде ең үлкен үлес Ресейге тиесілі.

 

Айта кетейік, цифрлық таңбалау темекі өнімдерінің өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Қазақстанда сатылатын барлық темекі өнімдері Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс. Naqty Onim тегін мобильді қосымшасы арқылы кодты сканерлеп, өнімнің түпнұсқалығы мен заңдылығына көз жеткізуге болады. Егер код оқылмаса немесе мүлде жоқ болса, азаматтар қосымша арқылы шағым қалдыра алады.

 

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту