Naqty Onim қосымшасы заңсыз темекі өнімдерін анықтауға көмектеседі
Таңбалау
01.08.2025, 17:30

Naqty Onim қосымшасы заңсыз темекі өнімдерін анықтауға көмектеседі

1995 рет қаралды

«Tañba» Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы «Филип Моррис Қазақстан» ұйымдастырған ақпараттық іс-шараға қатысты. Кездесу заңсыз айналыммен күрес және компания қызметкерлерінің хабардарлығын арттыруға арналды.

 

Қатысушыларға жалған өнім мен түпнұсқаны қалай ажыратуға болатыны және қазіргі таңда көлеңкелі нарықпен күресте қандай технологиялар қолданылып жатқаны түсіндірілді. «Tañba» өкілдері Naqty Onim мобильді қосымшасымен таныстырып, оның көмегімен таңбаланған тауардың түпнұсқалығын тексеруге болатынын көрсетті. Қазіргі таңда міндетті цифрлық таңбалау темекі өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге және аяқ киімге енгізілген.

 

«Цифрлық таңбалау – бұл бақылау құралы әрі тұтынушы мен бизнесті жалған өнімнен қорғау тәсілі. Naqty Onim қосымшасының көмегімен әрбір сатып алушы тауарды төлем жасамай тұрып-ақ тексере алады. Бұл – саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға және заңсыз өнімді нарықтан ығыстыруға жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар, мемлекетке заңды, ашық әрі орнықты нарық құруға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Бірыңғай операторының басқарушы директоры Алмат Исмаилов.

 

«Филип Моррис Қазақстан» компаниясының мамандары темекі өнімдерінің заңсыз саудасына қарсы іс-қимыл тәжірибесімен және тәсілдерімен бөлісті. Әртүрлі деректерге сүйенсек, елдегі заңсыз нарықтың үлесі 10-10,4 пайызға жетеді. Бұл бизнеске, мемлекеттік бюджетке және адал бәсекелестікке теріс әсер етеді.

 

«Біз заң аясында бизнес жүргізудің маңыздылығын жақсы түсінеміз. Көлеңкелі нарықпен күрес мемлекет, бизнес және цифрлық таңбалау операторы секілді технологиялық серіктестердің бірлескен күшін талап етеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің жанында заңсыз өнім айналымының өсуіне байланысты негізгі мәселелерді қарайтын жұмыс тобы жұмыс істейді. Бизнес бұл мәселенің шешілуіне барынша мүдделі. Себебі заңсыз сауда көбіне ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетімен байланысты және оның таралуы сыбайлас жемқорлықтың артуына ықпал етеді. Бұдан бөлек, біз құқық қорғау органдарымен де серіктестік орнатқанбыз. Мұның барлығы контрафакт өнімдердің айналымын анықтап, жолын кесуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының Сыртқы байланыстар департаменті, сауда белгілерін қорғау бөлімінің басшысы Еркебұлан Кадиров.

 

Кездесу ресми және серіктес бөлшек сауда өкілдерін ғана емес, зерттеу ұйымдары мен технологиялық компанияларды да біріктірді. Өз кезегінде зияткерлік меншік құқығын бұзушылық пен контрафактіні анықтайтын BMF Research компаниясының өкілдері жалған өнімдердің нақты мысалдарын көрсетті. Олардың ішінде танымал брендтердің косметикасы, алкогольдік өнімдер және автокөлік бөлшектері болды.

 

«Мысалы, түпнұсқа тоналды кремнің бағасы шамамен 30 000 теңге болса, нарықта оны 1500–2000 теңгеге ұсынады. Ал алкогольге келсек – пайдаланылған бөтелкелер жиналып, түпнұсқа кодтары өшіріліп, қайта айналымға енгізіледі. Мұндай жалған өнімді жарамсыз акциздік марка арқылы анықтауға болады. Сондай-ақ өндіруші мүлде шығармайтын белгілі брендтердің автотауарларының қолдан жасалған нұсқалары да анықталуда», – деп тәжірибесімен бөлісті BMF Research компаниясының мамандары.

 

Іс-шара адал сауданы нығайтуға бағытталған кампания аясында өтті. Мұндай кездесулер мемлекет, бизнес және сарапшылардың күшін біріктіріп, нарықты әлсірететін, бюджетке зиян келтіретін және тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіретін заңсыз өнімдерге қарсы кешенді шешімдер қабылдауға жол ашады.

 

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту