Қазақстанда өсімдік майын таңбалау бойынша пилоттық жоба басталады
Таңбалау
19.08.2025, 10:05

Қазақстанда өсімдік майын таңбалау бойынша пилоттық жоба басталады

1064 рет қаралды

2025 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда өсімдік майын таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі қол қойды. Бұл бастама өсімдік майын өндіру және айналым саласына заманауи цифрлық қадағалау құралдарын енгізуге бағытталған.

 

Пилоттық жоба аясында таңбалауға жататын өсімдік майлары мен олардың фракциялары: күнбағыс, соя, жержаңғақ, зәйтүн, пальма, сафлор, мақта, кокос, пальма дәні, рапс, қыша, зығыр, жүгері, кастор, күнжіт, жожоба, сондай-ақ басқа да өсімдік майлары, соның ішінде гидрогенизацияланған және қайта өңделген фракциялар, маргарин, тағамдық май қоспалары, какао майы және какао майын алмастырғыштар. Тізімге химиялық құрамы өзгеріссіз тазартылмаған да, тазартылған да майлар кіреді.

 

Негізгі міндет – ықтимал техникалық және ұйымдастырушылық тәуекелдерді анықтау, жекелеген процестерді жетілдіру қажеттілігін бағалау және міндетті таңбалаудың нормативтік әрі әдістемелік базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

 

Нарық қатысушылары жүйенің функционалын тегін сынақтан өткізе алады, таңбалауды қолданыстағы өндірістік процестерге енгізуді пысықтайды, сондай-ақ таңбалау кодтарын енгізудің әртүрлі тәсілдерін бақылап көреді. Осыған байланысты өсімдік майының айналымына қатысушылар Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының атына өтінім беруі қажет.

 

Таңбалаудың мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын қорғау, өнімнің заңсыз айналымымен күрес, жеткізілім тізбегінің ашықтығын арттыру және қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша Үкімет өсімдік майын міндетті түрде таңбалауды енгізу туралы шешім қабылдайды.

 

Қазіргі уақытта міндетті таңбалау үш тауарлық топқа енгізілген: аяқ киім, темекі өнімдері және дәрілік препараттар. Тоқыма өнеркәсібі тауарларын, сыра сусындарын, зергерлік бұйымдарды және мотор майларын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Биологиялық белсенді қоспалар, газ баллондары және тұрмыстық химия өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда.

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту