Қазақстандық өндірушілер биологиялық белсенді қоспаларды таңбалауды тестілеуді бастады
Таңбалау
26.09.2025, 09:27

Қазақстандық өндірушілер биологиялық белсенді қоспаларды таңбалауды тестілеуді бастады

944 рет қаралды

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) қаптамаларына таңбалау кодтарын пилоттық режимде енгізу бойынша тестілеу жүргізілді. Шымкент қаласындағы екі өндірушінің базасында ББҚ-ны таңбалау және қадағалау бойынша эксперименттер сәтті өтті.

 

Эксперимент барысында қатысушыларға таңбалау мен қадағалаудың барлық негізгі процестері, тауарларды тіркеуден бастап бақылау-кассалық машиналар арқылы өнімді айналымнан шығаруға дейін көрсетілді.

 

«Зерде-Фито» ЖШС атқарушы директоры Мақсат Жұматаевтың айтуынша, ББҚ-ға міндетті таңбалауды енгізу саланың бірқатар мәселелерін шешуге көмектеседі. Мысалы, биологиялық белсенді қоспа өндірушілері жиі кездесетін мәселелердің бірі заңсызэкспорт: Қазақстанға арналған тауарлар көрші елдердің сөрелерінде сатылып жатады.

 

«Мемлекеттің бұл жүйені енгізіп жатқаны дұрыс шешім деп есептейміз. Бұл өте маңызды шара, себебі ББҚ денсаулыққа тікелей байланысты, олардың әсері көбіне дәрі-дәрмекке ұқсайды. Тіпті олар бұрын заңнама бойынша дәрідәрмекке теңестірілген де болатын. Оларда фармакологиялық әсер бар, сондықтан адамдар оларды сатып алып, қолданады. Ал таңбалау арқылы өнімнің не екенін, оны кім және қашан шығарғанын бірден білуге болады. Пилоттық жоба аясында бізге тауарды қалай таңбалау керегін көрнекі түрде көрсеткендеріне алғыс айтамыз. Болашақта енгізу уақыты келгенде бізге әлдеқайда жеңіл болатынына сенемін», – деп бөлісті Мақсат Жұматаев.

 

«Eva-Phyto» ЖШС өндірістік алаңында таңбалаудың толық тізбегі сәтті сынақтан өтті. 500-ден астам өнім қаптамасы автоматтандырылған таңбалау жүйесі арқылы бірегей Data Matrix кодтарын алды.

 

«Пилоттық жобаға қатысуға шешім қабылдадық, себебі механизмді егжей-тегжейлі түсініп, өндірістік циклді ойластырып, қажет болған жағдайда оңтайландыруды жүргізу керек. Эксперимент уақытылы және өте түсінікті форматта сәтті өтті», – деді «Eva-Phyto» ЖШС бас директоры Ирина Бродская.

 

Эксперименттердің қорытындысы бойынша ББҚ таңбалау жүйесін сәтті енгізу үшін бірқатар ұсыныстар әзірленді. Олардың қатарында: әкімшілік және/немесе қылмыстық жауапкершілікті қарастыру, Қазақстанда тауарды өткізуге эксклюзивті құқығы жоқ заңды тұлғалар үшін таңбалау кодтарын тапсырысты блоктау мүмкіндігін енгізу, қадағалау құжаттарын тауар бағаларын көрсетпей беру мүмкіндігін зерттеу және міндетті таңбалау енгізілгенде әдеттегі штрих-кодтарды алып тастау орынды ма екенін қарастыру бар.

 

Таңбалау жүйесі биологиялық белсенді қоспалардың өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етуге бағытталған, бұл Қазақстан нарығындағы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын арттырады. Жүйе тұтынушыларға өнім туралы толық ақпаратты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы алуға мүмкіндік береді, бұл жалған өнімдерді сатып алу қаупін айтарлықтай азайтады және өнімге деген сенімділікті арттырады.

 

ББҚ таңбалау бойынша пилоттық жоба аясында өткізілген эксперименттерге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы мен интегратор-компаниялардың мамандары қатысты.

 

Биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жоба жалғасуда. Жобаға Алматы қаласы мен Алматы облысындағы отандық ББҚ өндірушілері де қатысады. Пилоттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша Үкімет міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім қабылдайды.

 

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту