Digital Bridge 2025: Ұлттық кодты жасанды интеллектке қалай енгізуге болады?
Таңбалау
07.10.2025, 15:06

Digital Bridge 2025: Ұлттық кодты жасанды интеллектке қалай енгізуге болады?

798 рет қаралды
Орталық Еуразиядағы ең ірі халықаралық технологиялық форум – Digital Bridge 2025 аясында «Ұлттық кодты ЖИ құралдарына енгізуге бола ма және қажет пе?» атты панельдік сессия өтті. Панельдік сессияны модератор ретінде «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС-нің бас директоры Бикеш Құрманғалиева жүргізді.

Пікірталасты аша отырып, Бикеш Құрманғалиева жасанды интеллекттің қазір тек технология ғана емес, адамзат өзі байқамай өмір сүріп жатқан жаңа шындыққа айналғанын атап өтті. Сессия модераторының айтуынша, ЖИ-дің іргелі модельдері негізінен АҚШ, Еуропа және Қытайда жасалады және сол елдердің мәдениеті мен менталитетін бейнелейтін контентке сүйеніп үйретіледі. Бұл Орталық Азия елдері үшін үлкен сын-тегеурін: технология күнделікті өмірге еніп жатқанымен, онымен бірге жат құндылықтар да келуде.

 

«Жасанды интеллект – бұл енді жай ғана технология емес, бұл біз өмір сүріп жатқан жаңа шындық. Бірақ жаһандық мүмкіндіктермен қатар маңызды сұрақ туындайды: оған өз ұлттық кодымызды қалай енгіземіз, дәстүр мен құндылықтарымызды қалай сақтаймыз? Егер бүгіннен бастап бұған назар аудармасақ, өзіміздің бірегейлігімізді жоғалту қаупі бар», — деп атап өтті Бикеш Құрманғалиева.

 

Талқылауға философия ғылымдарының кандидаты, ЖИ зерттеу орталығының жетекшісі Айжан Өтеулина, Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) өнімдер және сыртқы байланыстар жөніндегі бас директорының орынбасары әрі аға ғылыми қызметкері Мәдина Әбдрахманова, сондай-ақ венчурлік инвестор, «Договор 24» компаниясының негізін қалаушы Елена Седых қатысты. Айжан Өтеулина егер жергілікті деректерге назар аударылмаса және ЖИ біздің арнайы білімдерімізге үйретілмесе, мәдени кодымызды жоғалту қаупі бар екенін айтты. Бұл құбылысты ол технология арқылы қоғамға біртіндеп жат мәдениетті сіңірудің отаршылдық түріне теңеді.

 

Мәдина Әбдрахманова Қазақстанда ЖИ саласында ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған нақты қадамдар туралы айтты. Ол Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) бір жылға жетпейтін уақыт бұрын қазақ тілінде жұмыс істейтін KAZ-LLM ірі тілдік моделін таныстырғанын, сондай-ақ бірнеше жаңа құралдар әзірлегенін еске салды. Олардың қатарында көптілді генеративті сервис Oylan 2.5, аударма және сөйлеу синтезі функциясы MangiSoz 2.1, синхронды аударма жүйесі TilSync, сондай-ақ сурет жасайтын ЖИ-генератор Beynele бар. Бұл жобалардың барлығы жергілікті дереккөздерге сүйенеді және қазақ мәдениетімен үндес контент жасауға мүмкіндік береді. Әбдрахманова сондай-ақ қазақша Википедияны толықтырудың маңыздылығын атап өтіп, қоғамды онда білім қорын қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырды.

 

Талқылауды қорытындылай келе, қатысушылар бүгінгі күні Қазақстан үшін жаһандық технологияларды тұтынумен шектелмей, тіл, мәдениет және дәстүр ерекшеліктерін ескеретін жасанды интеллект саласында өз шешімдерін қалыптастыру аса маңызды екенін атап өтті. Digital Bridge 2025 аясындағы панельдік сессия ұлттық кодты сақтау ЖИ дәуірінде абстрактілі философиялық мәселе емес, елдің болашағына тікелей әсер ететін нақты экономикалық және әлеуметтік міндет екенін көрсетті.

 

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту