Газ баллондарының цифрлық таңбалануы Қазақстандағы төтенше жағдайлар санын азайта алады
Таңбалау
03.11.2025, 14:32

Газ баллондарының цифрлық таңбалануы Қазақстандағы төтенше жағдайлар санын азайта алады

292 рет қаралды
Tañba Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі Олжас Альтаев LPG Expo 6-шы Азия-Тынық мұхиты көрмесінің аясында өткен конференцияға қатысты. Ол «Қауіпсіздіктің маңыздылығы: ТМД мен Орталық Азияның қауіпсіз және тұрақты дамуын қамтамасыз ету» атты панельдік сессияда баяндама жасады.

Баяндама барысында тұрмыстық газ баллондарына таңбалау жүйесін енгізу сызбасы және қазіргі таңда Қазақстанда пайдаланылып жүрген тұрмыстық газ баллондарын сәйкестендіру тетігі егжей-тегжейлі түсіндірілді.

 

«Баллондар мен тұрмыстық газды таңбалау түріндегі цифрландыру – төтенше жағдайлардың алдын алудың жалғыз шешімі емес, бірақ бұл дұрыс пайдаланылған жағдайда бір емес, бірнеше адамның өмірін сақтап қалатын тиімді мониторинг және әрекет ету құралы», – деді өз сөзінде Олжас Альтаев.

 

Бірыңғай оператор жобасының жетекшісі Павлодар қаласында тұрмыстық газ баллондарын толтырумен айналысатын «Blue Star PV» ЖШС өкілдерімен, сондай-ақ Көкшетау қаласында газ баллондарын өндіретін «Тыныс» АҚ өкілімен кездесу өткізді. Пилоттық жоба аясында әрі қарай ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге қол жеткізілді.  

 

Панельдік пікірталас барысында тұрмыстық баллондарды пайдалану қауіпсіздігі және оларды таңбалау жүйесін енгізу кезіндегі өзекті мәселелер де талқыланды.

 

LPG Expo – сұйытылған мұнай газы саласындағы инновациялар, қауіпсіздік және тұрақты дамуды ілгерілетуге арналған жаһандық платформа. Азияда, Африкада және Таяу Шығыста өтетін LPG Expo іс-шаралары таза энергияның болашағын айқындайтын көшбасшылар мен ұйымдарды біріктіреді.
logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту