6 млрд код және контрафактіні анықтау: Қазақстанда 5 жыл ішіндегі таңбалау нәтижелері Digital Tañba форумында жарияланды
Таңбалау
21.10.2025, 11:16

6 млрд код және контрафактіні анықтау: Қазақстанда 5 жыл ішіндегі таңбалау нәтижелері Digital Tañba форумында жарияланды

560 рет қаралды
Қазақстанда цифрлық таңбалау жүйесі жұмыс істеген бес жыл ішінде 6 млрд астам тауар, оның ішінде темекі өнімдері, аяқ киім және дәрі-дәрмек таңбаланған. Астанада өткен «Digital Tañba: нарықтың ашықтығы экономикалық өсудің негізі» форумында жобаны іске асырудың аралық қорытындылары жария етілді.

Форум таңбалау жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін бір алаңда мемлекеттік органдардың өкілдері, ЕАЭО елдері мен Өзбекстандағы халықаралық таңбалау операторлары, ірі отандық өндірушілердің басшылары және сарапшылардың басын қосты.

 

ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев өз баяндамасында контрафактімен күресуге көмектесетін, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын, бизнес үшін тең жағдай жасайтын және нарыққа деген сенімді нығайтатын жетілген ұлттық жүйе ретінде цифрлық таңбалаудың рөлін атап өтті. Қаптамадағы әрбір код түпнұсқалықтың кепілі және жаңа жауапкершілік мәдениетінің символына айналды, деп атап өтті спикер.

 

«Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстанды өңірдің цифрлық көшбасшысы, технологиялар адам мен қоғам үшін жұмыс істейтін елге айналдыруды стратегиялық мақсат деп белгіледі. Digital Tanba – ұлттық экономиканы цифрлық трансформациялаудың элементі, ал ЕАЭО шеңберіндегі жобаның ауқымын ескере отырып, трансшекаралық сауда да жоба есебінен айтарлықтай оңтайландырылатын болады. Бүгін біз таңбалау жүйесін ғана емес, цифрлық егемендіктің негізін құрамыз. Сенім, ашықтық және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырамыз», - деді Қуанышбек Есекеев.

 

2020 жылдың 1 қазанында міндетті таңбалау және қадағалануы тиіс алғашқы тауар тобы темекі өнімдері болды. 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киімнің міндетті таңбалануы, 2024 жылдың 1 шілдесінен барлық дәрі-дәрмектің таңбалануы енгізілді.

 

5 жыл бойы цифрлық таңбалау көлеңкелі нарықпен күресуге ықпал етті. ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, 2024 жылы 12,8 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз темекі өнімі анықталған, 2022 жылмен салыстырғанда өсім 440% құрады. 2021-2024 жылдар аралығында импортталған аяқ киім өнімдері бойынша ҚҚС және кедендік баж түсімдерінің өсуі 317,9% жетті.

 

Фармацевтикалық нарық қазірдің өзінде цифрлық таңбалауға 100% қатысады. Жүйе коммерциялық секторда да, ТМККК және МӘМС жүйесінде де дәрі-дәрмектердің толық қадағалануын қамтамасыз етеді. 2026 жылдан бастап сатып алуды неғұрлым тиімді жоспарлау есебінен 50 млрд теңгеге дейін бюджетті үнемдеу болады деп жоспарлануда. Министр таңбалау технологиялық сынақтан тауар ағындарын реттеудің тұрақты тетігіне айналғанын атап өтті.

 

«Бүгінде жеңіл өнеркәсіп тауарлары, сыра қайнату өнімдері және мотор майлары бойынша сынақ жобасы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссия міндетті таңбалауды енгізуді мақұлдады. Зергерлік бұйымдар жобасы да аяқталды. Қазіргі уақытта тұрмыстық химия, қоспалар, ақбөкендердің дериваттары, газ баллондары мен ағаштарды таңбалау бойынша сынақ жобалары іске асырылу сатысында тұр. Сауда және интеграция министрлігі бұл процесті мемлекет пен бизнес мүдделерінің тепе-теңдігін құру арқылы үйлестіруде. Барлық шешімдер сынақ жобаларының деректері мен нәтижелерін талдау негізінде қабылданатыны маңызды», - деп Айжан Бижанова атап өтті.

 

«Қазақтелеком» АҚ Цифрлық таңбалау жүйесінің бірыңғай операторы мәртебесінде 2020 жылдан бастап Қазақстанда тауарларды қадағалаудың технологиялық негізін қамтамасыз етеді. Компанияның Басқарма төрағасы Бағдат Мусин атап өткендей, бес жыл ішінде жүйе сынақ жобаларынан аз уақытта жоғары технологиялық шешімдерді іске асыруға қабілетті жоғары жүктелген платформаға айналды.

 

«Әрине, біз технологияларды жетілдіріп, деректерді өңдеудің жаңа тәсілдерін енгізуді, қауіпсіздікті күшейтіп, сараптаманы дамытуды жалғастырамыз. Мақсатымыз – цифрлық таңбалау жүйесін Қазақстан экономикасын цифрлық трансформациялаудың үлгісіне айналдыру», - деді Бағдат Мусин.

 

Tañba тауарларын таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторының бас директоры Бикеш Құрманғалиева өз сөзінде жобаның ағымдағы нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, жүйе таңбаланған тауарлардың айналым процесін – өндіріс немесе импорт сәтінен бастап тұтынушыға түпкілікті сатуға дейін толық цифрландыруға мүмкіндік берді.

 

«Темекі өнімдерін міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап жүйеде темекі өнімдерінің айналымына 56 мың қатысушы, 5 мыңға жуық аяқ киім тауары, 8 мың дәрі-дәрмек тіркелген. Бірыңғай оператор темекі өнімдеріне 6 млрд-тан астам таңбалау кодын, аяқ киімге 145,7 млн кодты, дәрілік заттарға 560 млн код берді. Мемлекеттік органдар үшін таңбаланған тауарлардың айналымын бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Naqty Gov қосымшасы әзірленді. Тұтынушылар таңбалау кодтарын тексеріп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда Naqty Onim қосымшасында өтініштер жібере алады», – деп бөлісті Бикеш Құрманғалиева.

 

Digital Tañba форумына қатысушылар бейінді министрліктердің өкілдерімен міндетті таңбалауды енгізу тәжірибесін талқылап, жобаның нәтижелері және жоспарларымен танысты, сондай-ақ басқа елдердегі таңбалау тәжірибелерін салыстырды. Жүйенің Қазақстан экономикасына әсері мен отандық компаниялардың тәжірибесіне баса назар аударылды.

 

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту