Астанада өткен Digital Bridge форумында «Самұрық-Қазына» қоры SKAI Samruk-Kazyna Artificial Intelligence нейрожелісін таныстырды. Бұл – Орталық Азияда алғаш рет директорлар кеңесінің дауыс құқығына ие цифрлық тәуелсіз мүшесі. Жобаны Қазақстан Президентіне Қасым-Жомарт Тоқаевқа қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов таныстырды.
SKAI дегеніміз не
SKAI ұлттық суперкомпьютер Al Farabium мен қазақстандық Alem LLM үлкен тілдік моделінің негізінде жасалған. Жүйе ішкі және сыртқы нормативтік құжаттарды, директорлар кеңесінің 2008 жылдан бергі шешімдерінің мұрағатын және қор құрылғаннан бері жинақталған басқа да материалдарды талдайды. Соның арқасында кеңес негізгі басқару мәселелері бойынша неғұрлым дәйекті әрі негізделген шешімдер қабылдай алады.
Қауіпсіздік пен инфрақұрылым
Ақпаратты қорғауға ерекше көңіл бөлінген. SKAI Al Farabium суперкомпьютерінің жабық конту-рында жұмыс істейді, сондықтан деректер ел аумағынан шықпайды. Есептеу ресурстары тұрақтылық пен талдау жылдамдығын қамтамасыз етеді. Жүйеге қол жеткізу рөлдерге қарай бөлінеді, барлық әрекет тіркеледі, ал модельдер тек қордың құжаттар корпусында оқытылады.
Корпоративтік басқарудың жаңа кезеңі
Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бұл жобаны «кванттық секіріс» деп атады. Оның айтуынша, енді технология мен адамдар шешімдерді бірге қабылдайды, ал цифрландыру үдерістен шығып, басқару философиясының бөлігіне айналуда. SKAI-дің директорлар кеңесінің отырысына алғашқы қатысуы жақын арада жоспарланып отыр.
Болашақ стратегиясы
«Самұрық-Қазынада» SKAI-ді енгізу бір реттік тәжірибе емес, цифрландыру мен басқаруды трансформациялау стратегиясының элементі деп атап өтті. Болашақта жүйені тек директорлар кеңесі деңгейінде ғана емес, холдингтің басқа басқарушылық және талдамалық үдерістерінде де қолдану көзделіп отыр.