Музыкалық мектепті қалай ашуға болады?

Құралай Әшімова
ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
5295
0 пікірлер

Кейбіреулер үшін бизнес ең алдымен пайда табу көзі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ешқашан байлыққа ұмтылған жан емес. Ол толарсақтан су кешсе де, қаржылық көмектен бас тартатындардың бірі. Қиялшы Александр Филиппов пайдакүнемдерді құрғақ жеңіп шығып, тұрақты бизнестің негізі тұла бойыңды құмарлыққа бой алдыратын фламенконың гитара аккордтарына сәйкес екенін дәлелдейді.

 

Сіздің мектебіңіз қандай бағыттарды қамтиды?

Мен мектепті 5 бағытта дамытамын:

1. Қолөнер, жабыстыру ісімен шұғылдану, мүсін, яғни қолмен жасалатын көркемдік шеберлікке қатысты барлық нәрсе.

2. Музыка мектебі.

3. Продюсерлік орталық. Музыка мектебінен кейін біз дарынды балаларды елге танымал болуларына, продюсерлік қызметпен айналысуға мүмкіндігіміз бар.

4. Дыбыстық музыкалық жабдықтарды жалға алу.

5. Интернет-дүкен. Шығармашылыққа қатысты барлық керек-жарқтарды сату: бояулар, кітаптар, әдістемелік оқулықтар, музыкалық дәптерлер, күнделіктер.

Осының барлығын біріктіріп, мектебімді қысқа да нұсқа "Централ" деп атадым.

Қазір «Централ» - бұл ең алдымен музыка мектебі ме? Бұл бағыт қашан ашылды?

Ия, бұл музыка мектебі. Мен оны 2,5 жыл бұрын ашқан болатынмын. Біздің мектептің жетекші саласы - гитара үйрету. Гитарадан кейін барлық басқа бағыттарды да қалыптастырдық. Ата-ана ұлын гитараға алып келгенде: "қызымызды фортепианоға берсек қалай болады", "Сізде вокал бар ма? Өте жақсы! Онда вокал мен флейтаға да қосымша жазылайық" дейді. Менің кәсібім кезінде қуықтай жалдамалы пәтерден басталды. Біз өсіп-өндік, бизнесті қалай жүргізу керектігін түсінген кезде, үлкенірек үй-жай табуға тырыстық. Мен музыка мектебін бизнес ретінде, пайда көзі ретінде қарастырмаймын. Ақшаны мұнайдан, биржалық алыпсатарлықтан, газдан, тауар сатудан таба аласыз. Музыка – бұл дүниеқорлықтан алыс ерекше дүние. Музыкант - бұл субмәдениет. Музыкадан ақша табу өте қиын, бірақ мүмкін. Әркім өз несібесін теріп жейді.

Не үшін сонда сіз осы музыкамен айналысасыз?

Біріншіден, музыка - менің өмірім. Керемет әуенсіз, музыкалық мектепсіз, музыканы келешек жастарға үйретусіз маған өмір жоқ. Менің басты мақсатым – балаларға музыкалық білім беру. Өнерден, музыкадан  еш хабары жоқ адамға музыка мектебін құру қиынға соғады. Мысалы, кез келген жас адам музыка мектебін ашамын деп шешсе, онда ол сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Өйткені оның музыка саласында, өнер әлемінде беделі жоқ, тәжірибесі жеткіліксіз. Тіпті болмаса оның мектебінде атышулы жақсы оқытушылар болуы керек. Клиенттер музыка мектебіне адасып келмейді, барлығы: "мұғалім кім екен, несімен танымал?" деп келеді. Клиент шешім қабылдаған кездегі ең маңыздысы осы.  Баланы мектепке берер-бермес бұрын мектеп туралы, оқытушылар туралы егжей-тегжейлі біліп алады.

Оқыту әдістемесі туралы толығырақ айтып берсеңіз.

 

Сынақ сабағында мен балаға қандай білім бере алатынымды айтып, әдістерімді көрсетемін. Бізде әр мұғалім өз әдістемесі бойынша сабақ беретін жай ғана музыкалық мектеп емес. Мен 4 диплом жүйесін ойлап таптым. Музыкант төрт деңгейлі оқу кезеңінен өтуі керек. Барлығы! Әр деңгей үшін мен әдістемелік кітап жасадым және ол 11 айға есептелінген. Гитарада, флейтада немесе домбырада ойнау болсын. Барлығында бір гармоникалық негіз болуы керек. Яғни, музыка туралы білім. Міне, осындай дайын үлгі жасадым. Әр ай сайын баланың оқу деңгейі бағаланады.

Сонда бұл емтихандық жүйе ме?

Иә. Жылына 2 рет концерт берулері керек. 6-шы және 11-ші айларда арнайы ұйымдастырылған іс-шарада оқушы өзінің шеберлігін растайды. Олар 8-ден 18-ге дейін шығармаларды жатқа ойнауы тиіс. Осылайша, бала бірінші деңгейдегі бірінші дипломға ие болады. Концерт залында мұғалімдер мен ата-аналар олардың өнерін тамашалайды. Бұл емтихандар деп аталатын кезеңдер. Егер оқушы дайын болса, өнерін көрсетеді. Егер дайын болмаса, онда маусымға дейін оқуды әрі қарай  жалғастырып, жазда дипломын алады.

Сіздің мектебіңізден тәжірибе алатын, сізге қарап тырысатын, елікктейтін тұстары бар екен.  Менің ойымша, көптеген заманауи жеке мектептерде оқушылар нақты бір нәрсені байыпты үйрену үшін алдына мақсат қоймай баратын сияқты.

Ия, мұндай проблемалар бар. Көптеген адамдар былай ойлайды: "Маған концертке қатысудың қажеті жоқ. Тек өзім үшін гитара ойнауды үйренсем болды" - дейді.

Өзің үшін не және басқалар үшін үйрену деген не? Бұл әртүрлі нәрсе. Музыкамен бұлай айналысуға болмайды. Үйде жалғыз тұрғаныңызды елестетіп көріңіз. Сіз өзіңізге ыңғайлы үй киіміңізбен жүресіз. Міне, сізге қонақтар келді делік. Сіз, әрине, жақсы киіміңізді киіп, таранып, сыланасыз. Дастарханыңызға ең дәмді тағамдарды қоясыз. Музыкада да солай болу керек. Әрине, сіз өзіңіз үшін аспапта ойнап үйреніп, музыканың неден тұратыны ұғып білесіз.  Жалықсаңыз музыканы тастап кетуіңіз де мүмкін. Ал бұл жерде басқаша: көрермендер, оқытушылар алдына шығар кезде қорқыныш сезімі пайда болады. Сондықтан ұятқа қалмас үшін күнделікті дайындаласыз, қайталайсыз, біліктілігіңізді жоғарлатуға тырысып бағасыз. Сіз концертте сәтсіздікке ұшырағыңыз келмейді ғой, дұрыс па? Сол уақытта сіздің жан дүниеңізде ерекше сезім пайда болады. Мұғаліммен бірге жұмыс істеген немесе өз бетіңізше үйде дайындалған кезде емес, концертке бірнеше сағат қалғанда ішкі дүниеңіз буырқанып, керемет әсерде боласыз. Міне, сіз өміріңіздегі ең алғашқы концертте өнер көрсетпекшісіз. Сонда ғана түсіне бастайсыз: "Ә, солай ма! Міне, ел алдында өнер көрсету үшін аянбай сабақ оқып, жақсы дайындалуым керек екен ғой! Аспапта осылай керемет ойнау үшін не істеу керек екендігі енді белгілі болды!»

Әркім осыны түсіну қажет. Егер сіз өзіңіз үшін ғана ойнайтын болсаңыз, онда сіз ешқашан аспапта жақсы ойнай алмайсыз. Сізді қамшылайтын стресс қажет, сізде басқа таңдау болмауы керек. Осылайша есеңгіреп, күйзеліс жағдайға тап болып, одан аман-есен өтсеңіз ғана аспапта жақсы ойнауды үйренесіз. Барлық салада бір кәсіпті игерген сияқты, музыкада да солай. Емтихан концерттерінде өз шеберлігіңізді әрдайым дәлелдеп отыруыңыз керек.

Дұрыс абырой-бедел туралы әңгіме қозғасақ. Сіз басында клиенттер белгілі музыканттарға барады деп айттыңыз. Гитарист ретінде өзіңіздің өткен тәжірибеңіз туралы айта кетсеңіз. Неге сіздің мектебіңізге оқушылар келеді?

Бұл кәсіби тәжірибем туралы әңгіме болмақ. Мен 2000 жылдардың басынан бастап «Latino Guns» тобында ойнаған кезде атым танымал болып, белгілі бір деңгейге жеттім. Мені Диана Шарапова өз студиясына шақырды. Ол жерде мен Қазақстанның көптеген әртістерімен таныстым. Айта кетсем, Музарт тобы, Нұрлан мен Мұрат, Қайрат Нұртас сынды жігіттеріміз осы студияда ән жаздыратын. Барлығының гитара партияларын ойнадым, соло шығардым. Көптеген әртістердің әндерін жасауға ат салыстым. Мысалы, Музарт 99% әндерінде менің гитарам ойнайды. Әрине, барлығы: "гитарада кім ойнайды?" – деп елдер сұрастыра бастады. «Бұл Саша Филиппов". Яғни, мен. Әрине, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар келе бастады. Тіпті шетелден де. Мен Юрий Шатунов үшін де ойнадым, Ja Halib-тің алғашқы композицияларына гитара партиясын жаздым. Біздің майталмандардан Р. Рымбаева, М.Жүнісова болды. Карина Абдуллина мені көп әншілерге ұсынатын. Тіпті Каринаға балаларын алып келіп, гитара үйрететін ұстаз тауып берулерін сұрайтын болған. Міне, осылайша беделім артты. Қаншам жыл абыройым үшін жатпай-тұрмай адал еңбек еттім, енді қазір атақ-даңқым маған жұмыс істейді. Бұған 10-15 жыл уақытымды кетірдім. Алдымен мен мамандық алдым, содан кейін кәсіби маман болдым, өзімнің біліктілігімді дәлелдедім. Енді, міне, мектеп ашуға, скрипка, флейта және т.б. аспаптар бойынша өзіме тең кәсіби оқытушыларды табуға мүмкіндігім бар.

Мектепке оқытушыларды қандай принцип бойынша таңдайсың?

Көптеген факторларға қараймын. Адамдармен сөйлескенде, менің адамым ба әлде жоқ па, бірден анықтаймын.  Мен көзіне тік қараймын, егер ол маған батыл қараса, көзілдірікпен көзін көлеңкелемесе – онда бұл адаммен ары қарай жұмыс жасаймын. Кейбіреулер қара көзілдірік киіп алады, ондайлармен әңгімеміз жараспайды. Бірден қоштасамын. Мен сұхбатты әрқашан таңғы 9-ға тағайындаймын. Егер таңертеңгі сағат 8-де қандай да бір себептермен ол келе алмайтындығы жайлы немесе уақытты ауыстырғысы келетіні туралы SMS жіберсе, мен бірден олармен қоштасамын. Қарағым-ау, сізге бетпе-бет кездесу тағайындалды, уақыты көрсетілді. Қалай бірінші күні уақытында келмей, маған жақсы әсер қалдырудың орнына, басқа адамды іздеуге мәжбүрлейсіз? Ал егер әңгімеміз жарасса,  алдымен оның қандай білім алғанын, өз балаларының бар-жоғын, олармен қалай тіл табыса алатындығын сұрап білемін. Әрине, мен отбасты, балалары бар оқытушыны артығырақ көремін, өйткені бұл үміткердің баланың кім екенін, баланың мінез-құлқымен, психологиясымен таныс екендігін білдіреді. Сондықтан үміткердің жасы да 30-дан  асқан болуы керек.

Мүмкін балаларға қарағанда ересектерді аспапта ойнауды үйреткен оңайырақ болар?

Менің бизнесім үшін ересектер тиімсіз аудитория болып саналады. Олар басында оқуға білек сыбана кіріседі, белсенділік танытады. Дәл солайынан жаттығуын да тез тастай салады. Бұған көп сылтау табады: басы ауырды, жалақы берілмеді, көлігі сынып қалды. Ол бір айға жуық бізге келіп жүріп, оқуға ынтасы бар кейбір балалардың орнын алып қояды. Ал балалардың ата-аналары уақытылы сабаққа әкеледі. Оқуын қадағалайды. Ата-аналар баласын режимге тез үйретеді және оны сабаққа тұрақты түрде әкеледі.  Мен балаларды өте жақсы көремін. Мен 38 жаста болсам да, сақал мұрт жіберсем де, үйге келгенде екі қызыммен бала боп кәдімгідей ойнаймын. Балалық шаққа түсе бастаймын. Олармен қуыршақ, машина ойнап кетемін. Мен ер балалармен де, қыз балалармен де ортақ тіл табыса білемін. Олар мені таңдайды, өйткені мен олармен әзілдесіп те қоямын, жылай да аламын. Кейде баланы ата-анасы мектепке көңіл-күйсіз алып келді. Мүмкін жолай келе жатып, көлікте баласына дауыс көтеріп, ренжіткен шығар. Ештемеге зауқы жоқ балаға қалай сабақ бересің?  Ол қалай жаттығады, жаңа әуенді қалай үйренеді?  Сондай кезде алдымен мен оған өз басымнан өткен хикаяларымды айтып, көңілін көтеруге тырысамын. Жастық шағымда, бала кезімде музыкамен айналысқым келмей, мектепке барғым келмегенімді айтамын. Дегенмен бұл қиындықтарды қалай жеңгенім туралы айтып, оқуға ынталандырамын. Содан кейін оның әңгімесін тыңдап, жұбатып, материалды біртіндеп беремін. 

Сондықтан сіз жасы үлкен мұғалімдерді таңдайсыз ба?

Әрине! Жас және тәжірибесі аз оқытушылар баланы бар күшін салып жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Ал ол қорққанынан көп материалды есте сақтай алмайды. Дауысын көтерді ме, бітті дей бер.  Бала ашылмай, тұйық боп қалуы мүмкін. Не істесеңіз де ол бір де бір нотаны үйренбей қояды. Жас мұғалімдердің баласы болмағандықтан, оның не себепті көңіл-күйсіз екеніне мән бермейді, отырып сөйлеспейді, оларды жұбатып, тыныштандырмайды. Балалар ешқашан өздерінің жағдайын айтып, сыр  бермейді. Температурасы 40 градус болса да олар диванға секіріп жүгіреді. Нотаны есте сақтай алмай тұрғанын мұғалім білмейді, көрмейді, түп негізіне үңіле алмайды. «Кеше ғана керемет нәтиже көрсетіп едің, не болған саған? Бүгін бірде-бір нотаны ойнай алмай тұрсың» - деп ренжиді. Түсінікті, алдыңда көңілі жабыраңқы бала тұр. Мұндай кезде психолог бола білу керек. Сондықтан мен эмпатиясы жақсы дамыған оқытушыларды жұмысқа алуға тырысамын. Музыканттар да екі түрлі болады: бере алатын және тек ала алатын. Беруші музыкант әрқашан өзінің аузынан жыртып, оқушысына беруге даяр тұратын, оқушысына жаны ашитын мұғалім. Осындай ардақты ұстаздарды ел әрқашан құрметтейді. Ал тек қалтасын ойлаған музыканттар көп студенттерді жинап алып, ақшаға құнығып алады. Бірақ кейін онымен ешкім жұмыс істегісі келмейді. Қалай болған жағдайда да «Тер төгіп тапқан теңге жұғымды болады».

Сіз мектебіңізді қалай насихаттайсыз?

Шамамен 20% "елден естіп" келеді. Әлеуметтік желілерден Instagram жақсы жұмыс істейді. Бұл жерде мен жоспарыммен егжей-тегжейлі бөлісемін. Тұтас тұжырымдамам бар және ол жақсы жұмыс істейді. Екіншісі - ОLX -мұғалімдерді, қызметтерді жиі іздейтін кең таралған платформа. Мен ОLX жарнамасын төлеймін. Бір айда бұл платформа клиенттердің шамамен 10% - ын береді. Менің жоспарымда таңертеңгі және кешкі уақыттарды белсенді ету. Таңғы сағаттар арзан, кешкі сағаттар қымбат болады. Түс кезі одан да арзан. Қазір мектебім 50-60% - ға толды. Мамыр / маусым айларында адам көп болады. Тамыз / қыркүйек айларында – адам аз, өйткені барлығы мектепке дайындық үстінде. Аптасына екі рет келсеңіз айына 30 000 теңге, аптасына үш рет - айына 40 000 теңге төлейсіз. Барлық пәндердің құны бірдей.

Портал ISMET.KZ шағын және орта бизнесті қолдау үшін құрылған. Сіздің жұмысыңызға қандай көмек бере аламыз?

Музыка мектебін дамыту үшін маған жарнама жетіспейді. 2 жыл ішінде халықаралық конкурстардың 6 лауреатын баптап шығардық. Солар туралы БАҚ-та ешқандай бейнематериалдар көрсетілмеді, айтылмады. Ерсаян есімді бір бала "Еуропа таланттары" байқауында 100 ұпайдан 61 ұпай алып, жеңіспен оралды. Бұл бүкіл әлем бойынша керемет нәтиже. Бізде фортепиано бойынша үш лауреат бар. Гитарадан төрт лауреат. Өткен жылы біз түрлі онлайн байқауларға белсене қатыстық. Мен халықаралық бағытты дамытуды жоспарлап отырмын: біздің музыка мектебіміздің, тіпті біздің еліміздің атағын қорғау үшін балаларды әр түрлі халықаралық байқауларға, концерттерге жіберу. Оған дейін аяғымызға нық тұруымыз керек. Қазір менің міндетім – күйзелістен аман шығу. Кейде таңдауға тура келеді: пластикалық есік алып, мектепті бүтіндеймін бе әлде сол 400-500 мыңға динамиктер сатып аламын ба деп. Ол да бас қатыратын мәселе. «Анда тартсам арба сынады, мында тартсам өгіз өледі» демекші, көп жерде үнемдеуге тура келеді. Маған үнемі бизнесмен ағайындар ұсыныстарымен келіп тұрады, олар үлеске кіріп, мектепке қыруар қаражат құйғысы келеді. Бірақ саудада дос болмас. Қазіргі тіршілігіме философиялық тұрғыдан қараймын. Қиын-қыспақ кезеңде адам шыңдалады, өсуге әрекет етеді, көп нәрсені өздігінен үйренеді. Өткен жылы, карантин кезінде мен толығымен онлайн оқытуға көштім, ал кейбір сабақтарға бір уақытта Zoom-ға 100 адамға дейін қосылатын. 2020 жылы біз тегін жұмыс істедік. Сондықтан ақша қайдан болсын? Соның арқасында оқушыларымыз мектептен кеткен жоқ.

Музыка мектебін ашқысы келетіндерге қандай кеңес бере аласыз?

Егер сіз жақсы музыка мектебін ашқыңыз келсе, мына үш тармақты орындаңыз.

1) нақты қадамдық оқыту жоспардың болуы. Музыка үйірмесі мен музыка мектебі - бұл әр түрлі нәрсе. Мектеп тұжырымдамасы бар, белгілі бір идеяны білдіретін мекеме, сондықтан музыка мектебіне оқушылар  білім алу үшін барады;

2) мықты педагогикалық құрам болуы шарт. Танымал, беделі бар оқытушыларды, өз ісінің шеберлерін іздеу керек. Тек жақсы музыканттар емес, олар сабақ бере алатын мұғалімдер болуы керек;

3) бұл сіздің өмірлік ісіңіз болуы керек. Сіз мектеп директоры ретінде көшбасшы бола білуіңіз керек. Күйзелісті жеңу, қызметкерлердің жалақысына ақша іздеу және т.б. Нәтижеге нақты бағыт алып, кез келген жағдайда өз жолыңыздан таймау. Үшінші тармақ - сіз өзіңіз. Егер сіз мектеп ашсаңыз, онда сіз ешқандай қиыншылықтан тайсалмайтындығыңызға сенімді болуыңыз керек. Неліктен олар менімен жұмыс істейді? Себебі мен еш уақытта гитарадан бас тартқан емеспін. Бұл менің өмірім, музыкада 35 жыл бойы келе жатырмын. Музыкасыз мен өзімді толықтай сезіне алмаймын.

Өзіңізді үлкен жетістікке жеттім деп санайсың ба?

Ия, әрине. Егер мен Құдаймен кездесіп, ол: "Саня, өмірге қайта келсең, не таңдар едің?» десе, мен: "Тағы да сол өмірді таңдар едім. Қарағандыдағы Алалыкин көшесіндегі музыка мектебінде қайта оқыр едім, алғашқы ұстазым - Шакенов Владимир Жүнісұлына қайта барар едім. Мен тағы да осы жолдан өтемін және басқа ешкім болғым келмейді. Гитара! Тек қана гитара".

Анықтама:

Александр Филиппов. Қарағанды қаласының тумасы, № 1 музыка мектебінде оқыған. Содан кейін Тәттімбет атындағы музыкалық колледжге түсіп, классикалық гитара мамандығын таңдады. 20 жасында Алматыға көшіп келген. Жүргенов атындағы Академияға түсіп, 1 жылдан кейін композиция класы бойынша консерваторияға ауысты. (ол кезде классикалық гитара бөлімі болмаған). Консерваторияда 5 жыл оқыды.

Болат Сыздықовтың гитарасының иегері.

Gipsy Kings тобының гитарасының иегері.

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін