Жануарларға арналған салонды қалай ашуға болады

Құралай Әшімова
ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
4733
0 пікірлер

«Жанауарларға деген шынайы махаббатыңыз болмаса, бизнесіңіз өркендемейді», - деп сендіреді LUCKYZOO.KZ груминг студиясының негізін қалаушы, үй жануарларының сыртқы келбетіне күтім жасау шебері Елена Лакизо.

 

Бұл іспен қанша уақыт айналысасыз?

3 жылдан астам уақыт. Ал осыған дейін 11 жыл PR (соңғы рет ірі халықаралық банктегі әлеуметтік жобалар жөніндегі PR менеджері қызметінде) және 13 телевизия саласында қызмет еттім.

Неліктен жұмысыңызды күрт өзгерттіңіз?

Мен бала кезімнен жануарлармен жұмыс істегім келді. Менің жаным осы іске әрқашан талпынды. Жануарлармен кім ретінде жұмыс істеймін деп көпке дейін қалың ойға баттым. Ветеринарлық клиникаға келеңсіз уақиғалар көп болған соң барғым келмеді, өйткені ол жерде әр пациенттің ауыр халін өзіңнен, тұла бойыңнан өткізесің. Ит екеш ит те өз жанашырын іздейді ғой. Ал жануар мерт болған жағдайда тіпті түңіліп кетесің. Мен үшін бұл өте қиын дүние. Кезінде кинологтар қызметіне барамын деп те шештім. Кездейсоқ грумер деген мамандық бар екенін естіп білдім. Күнделікті жануарлармен қарым-қатынаста боласың, сонымен қатар бұл мамандық шығармашылықты да қажет етеді.

Сонда бұл жерде қандай шығармашылық бар?

Кейде салонға жүні әбден өсіп, жабысқақ сағыздай ұйысқан, әбіржіп кеткен пациенттер келеді Олардың тұқымын тіпті бірден аңғара алмайсың да. Міне сол кезде менің шығармашылық қасиетім тасып, ұйысқан жүндерін тазалап, тарап, сүп-сүйкімді қалыптарын келтіре аламын. Мен осы мамандықты таңдап, Мәскеу, Самара қалаларындағы груминг Академиясында оқып, білім алдым. Мен ешқашан бұл таңдауыма өкінбедім. Өз басыма рахат пен қуаныш сыйлайтын нағыз сүйікті кәсібімді таптым. Бірақ бұл оңай жұмыс емес.

Бұл сіздің бизнесіңіз бе әлде ермек ісіңіз бе?

Алдымен бұл менің әуестенген ермек ісім. Сонымен қатар жақсы пайда да әкеледі. Бізде груминг деген мамандық өте сирек кездеседі. Адамдар үй жануарларын қолға алып, баптап, оларға тек тамағын ғана беріп қоймай, сонымен қатар олардың сырт келбетіне де көп көңіл бөліп, күтім жасау керектігін түсіне бастайды. Сондықтан груминг маманына сұраныс артып келеді. Қазір жақсы груминг маман алтынға татиды. Менің клиенттерім – «орташа табысы бар» мысықтар мен иттер.

Сіздің груминг студияңызда жұмыс бастан асатын шығар?

Біздің студиядағы ең танымал экспресс жүн түлету процедурасы мысалында түсіндіре кетейін. Бұл процедура арқылы жануардың 90 пайызға дейін жүні тазартылады. Жүн түлейтін маусым кезінде 2-3 бұрын салонға алдын ала жазылады, ал басқа кезеңде 1 апта бұрын жазылып қояды. Шығармашылықтан басқа мен әр түрлі жұмыстарды қолға алуым керек. Жүнді бүлдіріп алмау үшін онымен қалай дұрыс жұмыс жасау керектігін білуіңіз шарт. Олардың типтері де әр-түрлі, олармен жұмыс жасайтын қажетті құралдар да, косметикасы да әр-түрлі. Көптеген жануарлардың жүні түлейді. Иесінің үйдегі түскен жүндерден арылту мақсатында 4 кезеңдік процедурадан өтеді. Бірінші кезеңде жануардың 30-40% жүнін тазартып, терісіне зақым келдірмейтін арнайы құралдармен тарау қажет. Ол дегеніміз түлеген немесе енді ғана түлеп, түсуге дайын тұрған жүн-қылшықтар. Дегенмен олар қатты ұйысып, бір-біріне жабысып қалған. Екінші кезең - жануарды шомылдыруға дайындық жұмысы. Тері мен жүннің күйіне байланысты жағылатын әр-түрлі сабынсуларды, хош иісті шипамайларды қолдану.  Жүнге арналған маскалар  тері кеуектерін тазалауға көмектеседі. Осылайша 3 кезеңде – шомылу кезінде барлық артық заттар сумен тазартылады. Қалып қойған жүн-қылшықтарды арнайы фен-компрессормен тазартылады. Бұл соңғы кезең.

Мүмкін азу тісті жануарлар мұндай процедураларға разы емес шығар?

Біріншіден, жануарлардың барлығы дерлік тырнап, тістеп, есіңді шығармайды. Екіншіден, біз олармен бірден тіл табысып кетеміз. Тағы айта кететін жай, қазіргі карантин шараларына байланысты біздің студияға жануарлардың қожайындары кірмеу керек. Бұл біз үшін өте ыңғайлы, өйткені жанында иесі болмаса, ит-мысықтар өздерін сабырлы ұстайды және тентек балалар сияқты еркелемейді, қарғы бауын тартқылап, қашқақтамайды, тістемейді, арсылдамайды. 

 

10.04.2024, 15:12
Бизнес үшін дайын онлайн қауіпсіз бейнебақылау
Бизнес үшін дайын онлайн қауіпсіз бейнебақылау ✅ Барлық нысандарыңыз бүкіл Қазақстан бойынша қауіпсіз бейнебақылауға қосыла аласыз

 

Сіздің тәжірибеңізде кіммен көбірек проблемалар болды?

Мысық, марғаулардың көңілін табу оңай емес, өйткені олар арындауық мінезді болып келеді және дегеніңе көне қоймайтын жануарлар. Егер иттерге жасалатын процедуралар  7-8 көлемінде болса, мысықтар үшін 8 мыңнан 10 мыңға дейін барады. Ит пен мысықтың психологиясының айырмашылығы көп. Мысықтың көңілін табу үшін әр-түрлі манипуляциялар жасап, дипломатиялық әдістер қолдануға тура келеді. Мысықтарға арналған косметиканың бағасы да қымбат. Процедура кезінде жануарларды ешқандай нәрсе жасауға мәжбүрлемейміз. Сабыр сақтату үшін тіпті арнайы музыка қосып қоямыз. Жануар біраздан соң бізбен, қоршаған ортамен, айналадағы иістермен танысқаннан кейін ғана онымен сенімді қарым-қатынас орнатамыз. Тек содан кейін процедураларға кірісеміз. Сондықтан 95% жағдайда жануарлармен тіл табысып, студияда бейбітшілік орнап, жануардың келісімімен жұмыс жасаймыз. Бүткіл процедура 2-3 cағат аралығында өтеді.

Мұндай кәсіппен айналысқан кезде нені ескеру қажет?

Егер шебер жалғыз болған жағдайда, күніне тек 2-3 үй жануарды қабылдай алады. Сондықтан әдетте 3-4-5 груминг шеберлер жалданылады, осылайша клиенттер ағымы толастамайды. Мысалы, басқа салондармен салыстырғанда, жануарлар бір-бірінен шошымау, стресс тудырмау үшін біз оларды бөлек кабинеттерде қабылдаймыз. Барлық жасалған күтім процедураларының видеосын иелеріне көрсетеміз, олармен әрқашанда қарым-қатынаста боламыз. Қожайындары алаңдамасын, абыржып, күйіп-піспесін деген оймен осылайша жасаймыз. Біздің қызметтеріміз бен клиенттерге бағытталған әдістеріміз осындай. Адамдар өз жануарларын бізге тастап кетіп, өз жұмыстарымен кете берулеріне әбден болады. Процедура аяқталуына жарты сағат қалғанда олармен хабарласып, тап-таза, сүп-сүйкімді үлбіреген ит-мысықтарын қолдарына тапсырамыз.  Бірақ мен одан ары бардым. Егер шұғыл жұмыстарыңыз болса, ал үйде жануарды қарайтын адам болмаса, бізге әкеп тастауыңызға болады. Кешке жұмыстарыңыз біткен соң алып кетесіз. Біз тіпті көлікпен барып алып қайту қызметін де ұйымдастырдық. Сұрағыңызға жауап бере кетейін. Бұл бизнесте ең алдымен үй жануарларына деген сүйіспеншілігіңіз болу керек. Онсыз болмайды. Көптеген адамдар грумингті тек әдемілік, тазалық және иіссудың жұпар исі деп қана таниды. Алайды иттер, мысықтар кейде зәрін шығарып қояды, астына жіберіп қояды. Сол кезде жиеркенбестен олардың артынан тазалап, сүртіп, жуып шаюға тура келеді. Бізге иттерді ұйысып қалған сабалақ жүнімен алып келеді. Итттер де, мысықтар да тістеп, тырнап алуылары мүмкін. Сондықтан тағы қайталай кетейін – жануарларға деген шынайы махаббатсыз сіздің бизнесіңіздің тасы тауға өрмелемейді. 

Бұл бизнестегі бастапқы шығындар қандай?

Мәскеу қаласында груминг курстарын оқу 250-300 мың теңгені құрады. Тек бір жылдан кейін жаңадан бастаған шебер өзін-өзі жұмыста еркін сезіне алады. Содан кейін кәсіби біліктіліктілігіңізді шыңдап, шеберлігіңізді жетілдіріп отыру шарт. Керекті құрал-жабдықтарға келетін болсақ, тек қайшының бағасы 20-25 мыңнан басталады. Фен 100 мыңнан кем емес.. грумер үстелі де сол маңайда. Менің ойымша, Мәскеуге ұшып  барып, қайту, сол жерде жатын бөлмеде тұру, тамағы бар, арнайы шебердің шабаданы, құрал-саймандар,  -  барлығы шамамен 1 млн. тенгеден асып түседі. Менің алдағы жоспарымда – мысықтарға арналған қонақжай бөлмелер ашу. Мен Санк-Петербург қаласында арнайы курстардан өтіп, «Жануарларға арналған қонақжай бизнесі» сертификатын алдым. Бұл жағдайда мен ресейлік және еуропалық стандарттар мен МемСТ-ты қатаң сақтайтын боламын. Мен саны бар, сапасы жоқ қонақжай бөлмелер ұйымдастырғым келмейді.  Аз бөлме болса да, жануарға мүмкіндігінше ыңғайлы жасалуы керек. Бұл бизнесте жануарларға деген сүйіспеншіліктен басқа, клиенттердің әрқашан көптеген жылдар бойы үйренісіп кеткен өзінің жақсы шеберлеріне баратындығын ескеру қажет. Мысалы, адамдар маған Қаскелең, Талғар, Қапшағай және Талдықорған қалаларынан келеді. Менің салоным Алматы қаласының төменгі бөлігінде орналасқан, бірақ клиенттеріміздің 80% - ы қаланың жоғарғы бөлігінде тұрады. Бұл салондарды қазір оңтүстік астананың орталығынан табуға болатынына қарамастан, адамдар мені осында іздеп келеді.

Статистика бойынша Қазақстанның әрбір бесінші жанұясы ит асырайды, әр екіншісі -мысық, ал әр үшінші-төртіншісі ит пен мысықты бірге ұстап, баптайды екен. Қарап отырсақ, нарық өркендеуде. Мен жарнамаларымды инстаграм арқылы жүргіземін, фейсбуктің пайдасы жоқ. Сонымен қатар бір-бірінен естіп, маған келіп жатады.

ISMET.KZ порталы кәсіпкерлерге көмектесу үшін құрылған. Бізден сізге қандай көмек қажет?

Жұмыс уақытында жануарларды видеоға түсіріп, иелеріне жіберуіме тура келеді. Бұл менің қызметтерімнің міндетті бөлігі. Осыған алаңдамас үшін кабинеттерде веб-камераларды орналастырсам деп едім. Өйткені сырттағылар кез келген уақытта ұялы телефон арқылы өз бетінше қосып, қандай процедура болып жатқанын көрулеріне мүмкіндік алу керек. Осылайша мен көп уақытымды үнемдер едім.  Бұл жануарлардың иелерін тыныштандырып, көңілін алаңдатпас еді және де маған түскен кез келген негізсіз шағымдардан құтқарар еді. Алайда мен салонды ашар кезде қалалық телефоннан бас тартып едім, енді интернетсіз отырмыз. Егер Қазақтелеком маған интернетті телефонсыз қоса алатын болса, онда бұл мәселенің шешімі жұмысыма орасан зор пайда әкелер еді.

Елена Лакизоның сізге айтар екі ерекше кеңесі.

1.      Егер сіз үй жануарын үйде баптаймын деп шешім қабылдасаңыз, алдын ала интернеттен белгілі бір тұқымды ит-мысық туралы барлық ақпараттармен танысыңыз: қандай күтімді қажет етеді, немен қоректенеді. Асықпаңыз. «Асыққан шайтанның ісі». Мүмкін кейін үй жануарын ұстауға мүмкіндігіңіз болмай қалады. Сондықтан жақсы ойланыңыз. Қаншама далаға тастап кеткен үй жануарлары көшеде қаңғып жүр. Асыл тұқымды ит-мысықтарды тіпті сау болса да эвтаназия арқылы о дүниеге аттандырып жатқандар қаншама.

2.      Егер балаңыз моралдық қасиеттері бар нағыз азамат  боп өскенін қаласаңыз, жанында төрт аяқты досы болсын. Сол жануарды бағып-қағып, оған үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сырттан көмек күтпестен оның күтіміне көп уақытын бөлуі керек. Осылайша балаңызда жануарларға деген сүйіспеншілік, жанашырлық сезімі қалыптасады.

Есіңізде болсын, қолға алып, баптаған үй жануарларына біз әрқашан жауаптымыз. 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін