Қазақстандық кәсіпкерлерге аяқ киімді таңбалау көлеңкелі айналымды азайтуға қалай ықпал ететіні түсіндірілді
Таңбалау
16.09.2025, 15:41

Қазақстандық кәсіпкерлерге аяқ киімді таңбалау көлеңкелі айналымды азайтуға қалай ықпал ететіні түсіндірілді

1165 рет қаралды

2025 жылдың 12 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен SHOESSTAR-ASIA аяқ киім мен былғары галантереяны көтерме сатып алу бойынша халықаралық көрменің іскерлік бағдарламасына Tañba Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша оператор қатысты. Аяқ киімді таңбалау жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаев Қазақстан Республикасында аяқ киімді таңбалау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізді.

 

Дөңгелек үстелде Қазақстандағы аяқ киімді таңбалаудың негізгі аспектілері жан-жақты қаралды: ЕАЭО мен ҚР-дың аяқ киімді таңбалауды реттейтін нормативтік-құқықтық базасы, ел ішінде өндіріс кезінде таңбалау ерекшеліктері, сондай-ақ елдер арасындағы трансшекаралық сауда барысында тауар айналымына қатысушылардың өзара әрекеттестігі. Шетелден аяқ киім әкелу кезіндегі таңбалау рәсіміне, кедендік рәсімдеуден кейін таңбалау қоймалары тізіміне енгізу тәртібіне, қалдықтарды таңбалау мен қайта таңбалау, сондай-ақ ТТҚ АЖ жүйесінде таңбалау кодтарын айналымнан шығару мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 

«Дөңгелек үстел бизнес өкілдерімен тікелей диалог құруға мүмкіндік берді. Аяқ киім тауарлары айналымына қатысушылар өз сұрақтарына жауап алды, соның ішінде ішкі есеп жүйелерін Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесімен (ТТҚ АЖ) біріктіру, логистиканы және жеткізілімдерді оңтайландыру, контрафактілік өнімдерді анықтау кезінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ таңбалау жабдықтары және ТТҚ АЖ жүйесінде жұмыс істеу бойынша кеңестер алды. Бизнес тарапынан кері байланыс біз үшін өте маңызды, өйткені ол бизнес-процестерді оңтайландыруға ықпал етеді», – деп атап өтті аяқ киімді таңбалау жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаев.

 

Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанға аяқ киімді заңсыз әкелудің өзекті мәселелерін және көлеңкелі импорт үлесін азайту бойынша мемлекеттік органдардың шараларын талқылады. Қолданылып жатқан шаралардың қатарында шекарадағы кедендік бақылауды күшейту, таңбаланбаған аяқ киімді сатқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жауапкершілік шараларын енгізу және мемлекеттік органдардың таңбалау талаптарының сақталуын тексеруді ұйымдастыру атап өтілді. Бұл бастамалар аяқ киімнің заңды бизнесі үшін тең бәсекелестікті жасауға бағытталған.

 

Халықаралық SHOESSTAR-ASIA көрмесі өндірушілерді, көтерме сатып алушыларды және аяқ киім мен былғары галантерея дистрибьюторларын біріктіретін ең ірі салалық іс-шаралардың бірі болып табылады. Көрме жаңа коллекцияларды көрсетуге, іскерлік байланыстарды орнатуға және өңірдегі саланың дамуындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған бірегей платформа ұсынады.

logo Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы
Сайтқа өту