Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда дипфейктерді автоматты түрде анықтайтын технология әзірленіп жатқанын хабарлады.
«Біз жалған контентті автоматты түрде анықтап, дипфейктерді танитын цифрлық бастама құрып жатырмыз. Бұл технология жасанды интеллектке негізделген және онлайн-есірткі саудасымен күресте тиімділігін көрсетті. Мәселен, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін „МЕРГЕН“ жүйесі ақпараттық кеңістікті автоматты түрде бақылап, интернет-дүкендерді тікелей және жанама белгілер бойынша анықтап, бұғаттайды. Осы аптада осындай 5000-шы ресурс жабылды. Қазір біз LLM-моделін үйретіп жатырмыз, оған дипфейктерді анықтау функцияларын қосу үшін», — деді Кочетов.
Кездейсоқ бұғаттаулар болмайды
Вице-министр қате шешімдерге қатысты алаңдаушылықты жоққа шығарды:
«Бағдарламаны біздің жігіттер, отандық бағдарламашылар әзірледі. Бұл технология қазірдің өзінде сәтті қолданылуда. Бірақ бұл бағдарлама – тек көмекші. Ол үлкен деректер массивінде ықтимал триггерлік нүктелерді анықтайды, ал одан кейін оған құқықтық мониторинг өкілдері назар аударады. Сондықтан мұнда кездейсоқ бұғаттаулар болмайды, бұл анық».
Модельді оқыту және мерзімдер
Қазір жүйе мәтіндік фейктерді анықтай алады, алайда дипфейктерді талдау үшін қосымша оқыту қажет.
«Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, екі жыл емес. Біз толыққанды, шамамен бірнеше ай ішінде нәтижені көреміз. Бұл жылдам процесс емес, өйткені бұл – оқыту. Өте көп көлемде контент қажет. Бұл күнделікті жұмыс. Біздің министрліктің ақпараттық-цифрлық блогы осыған бағытталған, кемінде уақытпен тең жүріп, кейде озық жүру үшін. Сондықтан тырысамыз, қуып жетеміз. Егер қарсыластарымыз күнделікті жаңа схемаларды іздесе, біз күнделікті оларды тоқтататын жаңа шешімдерді іздейміз», — деп атап өтті Кочетов.
Пайдаланушылардың рөлі
Вице-министр фейктерге қарсы күрестің елеулі бөлігі пайдаланушылардың шағымдарына негізделетінін де қосты. Олар алаяқтық контентті анықтауға көмектеседі.