Қазақстанда Жасанды интеллект министрлігі құрылады
Ismet
10.09.2025, 12:15

Қазақстанда Жасанды интеллект министрлігі құрылады

1460 рет қаралды

2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы мәлімдеді.

 

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа ведомство қазіргі бейінді министрліктің негізінде құрылмақ. Оны вице-премьер басқарады.


«Жаңа технологиялық дәуірдің бір бөлігі болу үшін мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі қайта құру қажет. Оның ашықтығын, тиімділігін және адамға бағытталуын бірнеше есе арттыру керек. Сондықтан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды қажет деп санаймын», — деді Президент.

 

Сондай-ақ ол Казахстан үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажет. Бұл құжат цифрландыру стратегиясын айқындайтын негізгі акт болады: жасанды интеллект пен платформалық экономиканы дамыту, үлкен деректерді пайдалану және басқа да бағыттар қамтылады.

 

Жолдау 2025 жылғы 8 қыркүйекте Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында жарияланды. Жиынға депутаттар, Ұлттық құрылтай мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам мен еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты.