2025 жылдың 14 қазанында Дубайда GITEX Global 2025 көрмесі аясында Expand North Star негізгі сахнасында Tumar Innovation Hub ресми түрде ашылды. Бұл — Орталық Азиядағы стартаптарды қолдауға және кеңейтуге арналған халықаралық алаң. Хаб аймақтың технологиялық командаларына жаһандық нарыққа шығуға және Таяу Шығыс елдерінің инвесторларымен мен корпорацияларымен серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.
Аймақтарды байланыстыратын серіктестік
Бастама Astana Hub, IT Park Uzbekistan және DIFC Innovation Hub қолдауымен жүзеге асырылды. Үш экожүйенің ынтымақтастығының арқасында Tumar Innovation Hub таланттар, технологиялар мен инвестициялар тоғысатын ортаға айналды. Бұл алаң Орталық Азия мен MENA аймағы елдерінің күшін біріктіріп, тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейде компаниялардың дамуына жағдай жасайды.
Технологиялық картадағы Орталық Азия
Хабтың ашылуы Unlocking Central Asia бағдарламасы аясында өтті. Бағдарламаға Қазақстан, Өзбекстан және аймақтың басқа елдерінен инновациялық экожүйелердің өкілдері, инвесторлар және технологиялық компаниялар қатысты. Іс-шара аясында серіктестіктің болашағы талқыланып, Орталық Азияның технологиялық даму мен цифрлық интеграцияның жаңа орталығына айналып келе жатқаны атап өтілді.
Бағдарламаға қызыл лентаны салтанатты түрде қию, Bridging Regions, Building Futures: Central Asia–MENA атты панельдік талқылау, халықаралық серіктестердің сөз сөйлеуі және жаңа ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою рәсімі кірді.
Tumar Innovation Hub іске қосылуы Орталық Азияның инновациялық экожүйесінің дамуына маңызды серпін берді. Алаң стартаптар, инвесторлар мен зерттеу орталықтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, аймақтың жаһандық технологиялық кеңістіктегі рөлін күшейтеді.