Қазақстан Парламенті жасанды интеллект туралы заңды қабылдады
Ismet
31.10.2025, 15:46

Қазақстан Парламенті жасанды интеллект туралы заңды қабылдады

540 рет қаралды

Қазақстан Парламенті жасанды интеллект (ЖИ) және цифрландыру саласын реттейтін заң мен оған ілеспе құжаттарды түпкілікті мақұлдады. Енді заң жобаларының топтамасы Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

 

Талқылау қалай өтті

Бір апта бұрын Сенат жасанды интеллект туралы заңды Мәжіліске кері қайтарды. Сенаторлар қауіпсіздікке қатысты бірқатар нормаларды нақтылап, жаңа ережелер енгізуді ұсынды. Олардың ішінде ЖИ жүйелерін қолдану кезінде келтірілуі мүмкін зиян үшін міндетті сақтандыру шаралары бар. Бұған дейін сақтандыру ерікті түрде деп қарастырылған еді.

 

Сонымен қатар тәуекелдердің алдын алу жөніндегі тұжырымдар нақтыланды. Бұрынғы нұсқада ЖИ иелері залалды азайтуға ғана міндетті болса, енді олар зиянның туындауына жол бермеу және ықтимал қауіптерді болдырмау үшін алдын ала шаралар қабылдауға тиіс.

 

Барлық ұсынылған түзетулерді Мәжіліс қолдады. Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, түзетулер заңдардың мазмұнына әсер етпейді және құқық қолдану тәжірибесін өзгертпейді, тек нақтылау сипатында.

 

Заңда не бекітілді

Жаңа заңда Қазақстан заңнамасына алғаш рет жасанды интеллектке қатысты негізгі ұғымдар енгізілді:
«жасанды интеллект», «модель», «жүйе», «деректер кітапханасы» және «синтетикалық нәтиже».

 

Құжат сондай-ақ ЖИ технологияларын құқықтық және ұйымдастырушылық реттеу тәртібін, ашықтық пен қауіпсіздік талаптарын, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда қолдану ережелерін айқындайды. Үкіметтің бұл саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді.

 

Заң 7 тараудан және 28 баптан тұрады. Ол Қазақстанда жасанды интеллект жүйелерін дамыту мен қолданудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастыратын негізгі нормативтік акті болып саналады.

 

Халықаралық контекст

Қазақстан жасанды интеллектті құқықтық тұрғыдан реттеуді қолға алған елдердің қатарына қосылды.

 

Еуропалық Одақта жоғары тәуекелді жүйелерді пайдалану мен жауапкершілікті реттейтін кешенді заң қабылданған. Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект туралы негіздемелік заң күшіне енген, ал Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және БАӘ елдерінде жеке нормативтік актілер мен стандарттар бар. Жапония, Бразилия және Үндістанда мұндай құжаттар әзірлену үстінде.

 

Қазақстанда қабылданған заң жасанды интеллект технологияларын жүйелі дамыту мен оларды экономика мен мемлекеттік басқаруда қауіпсіз енгізудің негізін қалайды.