Қазақстан цифрлық активтерді реттеу саласында әлемдік көшбасшылар қатарына енді
Ismet
24.10.2025, 09:50

Қазақстан цифрлық активтерді реттеу саласында әлемдік көшбасшылар қатарына енді

509 рет қаралды

Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық комиссиялар ұйымы (IOSCO) крипто және цифрлық активтер нарығын реттеу жөніндегі ұсынымдарды (CDA Recommendations) іске асыруға арналған шолуды жариялады. Зерттеуге 20 юрисдикция қатысты, олардың қатарында AIFC Astana бар. Ол Ұлыбритания, Сингапур, Франция, Швейцария және Жапония сияқты елдермен бірге аталды.

 

Халықаралық мойындау

IOSCO есебіне сәйкес, AIFC Astana халықаралық стандарттарға жоғары деңгейде сай келеді. Әсіресе ұйымдық басқару, клиенттік активтерді қорғау және ақпаратты ашық жариялау бағыттары ерекше атап өтілген.

 

AIFC криптосервис-провайдерлер (CASPs) үшін мүдделер қақтығысын басқару шаралары енгізілген 15 юрисдикцияның қатарына енді. Сонымен қатар, клиенттердің қаражатын қорғау және оларды жоғалту жағдайында өтемақы беру талаптарын толық іске асырған 12 елдің бірі болды.

 

Бақылау және ашықтық

AIFC реттеушісі аудит пен бақылаудың қатаң стандарттарын қолданады. Міндетті ішкі және сыртқы тексерулер жүргізіледі, есептер тәуелсіз және регулятор бекіткен аудиторларға тапсырылады. Барлық процестер ашықтық пен есептілік қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Бұдан бөлек, AIFC Astana — IOSCO-ның MMoU және EMMoU механизмдері арқылы криптоактивтер бойынша халықаралық ақпарат алмасуға қатысатын санаулы юрисдикциялардың бірі. Олардың қатарында Ұлыбритания, Франция, Гибралтар және Гонконг бар.

 

Қазақстан — цифрлық реттеудің аймақтық орталығы

AIFC Astana-ның IOSCO есебіне енгізілуі Қазақстанның қаржылық инновациялар саласындағы аймақтық көшбасшы әрі цифрлық активтерді жауапты түрде реттейтін орталық ретіндегі мәртебесін дәлелдейді. Бұл бағалау елдің fintech-реттеу саласындағы орнын күшейтіп, Қазақстанның ашық әрі қауіпсіз цифрлық қаржы нарығына қарай тұрақты қадам жасап келе жатқанын көрсетеді.