Ханой қаласында Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қойды. Салтанатты рәсімге еліміздің атынан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Бауыржан Аленов қатысты.
Құжат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және киберқылмыстарды тергеудің бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға бағытталған. Конвенция бұл бағытты жаһандық деңгейде реттейтін алғашқы әмбебап құрал болып саналады.
Халықаралық ынтымақтастық
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Конвенция жобасын әзірлеуге белсенді қатысып, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізді.
Құжатқа қосылу Қазақстанға электрондық дәлелдемелермен жедел алмасуға, трансшекаралық киберқылмыстарды тергеуді жеделдетуге және азаматтарды интернет-алаяқтық пен басқа да цифрлық қауіптерден қорғауға мүмкіндік береді.
Цифрлық қауіпсіздікті дамыту
Конвенцияға қол қою цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мен киберқауіптерге қарсы ұлттық жүйені жетілдіру бағытындағы маңызды қадам болды.
2025 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кірістерді заңдастыру және қылмыстық қызметті қаржыландыруға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге бағытталған түзетулерге қол қойған болатын. Бұл бастамалар деректерді қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастырып, Қазақстанның жаһандық цифрлық кеңістіктегі жауапты қатысушы ретіндегі ұстанымын нығайтады.