Қаржы пирамидалары барған сайын айлакер бола түсуде. Олар өздерін инвестициялық платформалар, онлайн-курстар, букмекерлік сервистер немесе IT-жобалар ретінде көрсетеді. Ақшаңызды жоғалтпау үшін олардың белгілерін ажырата білу маңызды.
Нені ескеру керек
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі назар аударуға тұрарлық бірнеше белгіні атап өтеді:
• бастапқы жарна енгізуді талап етеді;
• нарықтағы орташа табыстан әлдеқайда жоғары кіріс уәде етеді;
• әлеуметтік желілерде агрессивті жарнама жүргізеді;
• жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус ұсынады;
• компания туралы ашық ақпарат жоқ;
• халықтан қаражат тартуға немесе бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеуге лицензиясы жоқ.
Егер жүйе бұрынғы қатысушыларға төлемді жаңа салымшылардың ақшасынан жасайтын болса — бұл классикалық қаржы пирамидасы.
Неліктен бұл қауіпті
Мұндай схемалардың ұйымдастырушылары сенім тудыру және қаражатты тез жинау үшін психологиялық тәсілдер мен цифрлық технологияларды пайдаланады. Ақша ағыны тоқтаған кезде жоба жабылады, ал салымшылар барлық қаражатынан айырылады.
Қаржы пирамидалары көбіне заңды бизнес түрінде көрінеді: «жеңіске кепілдік беретін ставкалардан» бастап «жоғары табыс уәде ететін инвестициялық стартаптарға» дейін. Алайда мұндай әдемі уәделердің артында лицензия да, нақты өнім де болмайды.
Заң не дейді
Қазақстанда қаржы пирамидаларын құру немесе оларға қатысу Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша қарастырылады. Жаза — 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу және белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға өмір бойына тыйым салу.
Өзіңізді қалай қорғауға болады
Компаниялардың лицензиясын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан тексеріңіз. Бейтаныс сілтемелер арқылы ақша аудармаңыз және «кепілді табыс» ұсынатындарға сенбеңіз.
Инвестициялар жылдам әрі жеңіл бола алмайды. Егер табысы тым жоғары болып көрінсе — бұл «жоқ» деп айтудың нақты себебі.