Higgsfield Қазақстан тарихындағы алғашқы «единорог» болды
Ismet
01.10.2025, 15:44

Higgsfield Қазақстан тарихындағы алғашқы «единорог» болды

913 рет қаралды

Қазақстандық Higgsfield AI стартапы «единорог» мәртебесін алды. Бұл туралы компанияның негізін қалаушысы Алекс Машрабов хабарлап, компанияның нарықтық бағасы 1 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Бұл – Қазақстаннан шыққан технологиялық жобаның осындай деңгейге жеткен алғашқы жағдайы.


«Higgsfield run rate revenue-ді (жылдық болжамды табыс) 50 миллион доллардан асырып, ресми түрде алғашқы қазақстандық „единорог“ болды. Бұл күтпеген жерден орын алды — соңғы 15 жылда елде ешкім бұған қол жеткізе алмады. Бұған дейін бізге Menlo Ventures сияқты жетекші әлемдік қорлар инвестиция салды, олар сондай-ақ Anthropic-ке де қаржы құйған. Біз алғашқы қазақстандық „единорогты“ құрдық», — деді Машрабов.

Идеядан миллиардтық бағалауға дейін

Higgsfield AI-ды екі адам құрды — жасанды интеллект саласының зерттеушісі Ерзат Дулат және Snap Inc компаниясында генеративті AI бөлімін басқарған Алекс Машрабов. Олар жобаны екі жылға жетпей іске қосып, генеративті бейнені MidJourney суреттерді қолжетімді еткендей деңгейге жеткізуді мақсат етті.

 

Бүгінде Higgsfield өнімдері мәтіндік сұранымдар арқылы бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді. Бұрын брендтер мен блогерлер үшін ролик түсіру бюджет, түсірілім тобы мен уақытты қажет етсе, қазір оны бірнеше минутта жасауға болады. Қызметтің аудиториясы қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша миллиондаған пайдаланушыларды қамтиды, ал клиенттердің қатарында ірі брендтер мен контент жасаушылар бар.

 

Meta-мен келісімнен бас тарту

2024 жылы Higgsfield индустриядағы ең ірі ойыншылардың назарын өзіне аударды. Meta генеративті бейне саласында болашағы бар стартап іздеп, қазақстандық командаға тікелей шықты.

 

«Марк Цукерберг бейне генерациясымен байланысты AI-стартапты сатып алғысы келді. Higgsfield сол кезде әлеуметтік желілердегі қамту бойынша көшбасшыға айналғандықтан, біз оның тізіміндегі бірінші кандидат болдық. Бізге Meta-ның топ-менеджерлері тікелей ұсыныспен шықты. Дәл соманы айта алмаймын, бірақ бұл жүздеген миллион доллар. Жауап бермес бұрын командамен бірнеше апта ойландық. Өйткені Higgsfield — әлі жас компания, бізге екі жыл да толған жоқ. Келісімнен бас тартуды шештік», — деді Higgsfield-тің негізін қалаушы Ерзат Дулат.

Индустрия үшін белгі

Higgsfield Қазақстаннан шыққан бағасы миллиард доллардан асқан алғашқы компанияға айналды. Стартап екі жылға жетпей құрылды, ал бүгінде ол миллиондаған пайдаланушылармен жаһандық генеративті бейне нарығында жұмыс істейді. Әлемде небәрі 1 500-ге жуық «единорог» бар, олардың қатарында қазақстандық жобаның пайда болуы — үлкен жетістік.