2025 жылғы 2–4 қазан аралығында Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтеді — бұл Орталық Азиядағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және стартап-индустрияға арналған ең ірі іс-шаралардың бірі. Форумды Astana Hub, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырады.
Generative Nation тұжырымдамасы
Digital Bridge 2025 форумының басты тақырыбы — Generative Nation. Бұл — Қазақстанның технологияларды тұтынудан оларды жасауға, енгізуге және экспорттауға көшу бағытын көрсететін стратегиялық тұжырымдама. Негізгі басымдықтар — жасанды интеллектті дамыту, жергілікті өнімдерді қолдау, адами капиталға инвестиция салу және білімге негізделген экономиканы қалыптастыру.
Ауқымы мен аудиториясы
Форум жыл сайын технологиялық кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдардың өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, инвесторлар мен стартаптарды әлемнің түкпір-түкпірінен жинайды. Алдыңғы жылдары Digital Bridge форумына 100-ден астам елден 67 000-нан астам адам қатысты. Форум бағдарламасында 1 000-нан астам спикер сөз сөйлеп, 500-ден астам стартап пен шамамен 500 инвестор қатысқан.
Digital Bridge Қазақстанның Еуразия өңіріндегі технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтып, цифрлық экономиканы дамыту мен ІТ саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.
Форум бағдарламасы
Digital Bridge 2025 форумының бағдарламасына стартаптарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және технологиялық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған ондаған іс-шара кіреді. Негізгі оқиғалардың қатарында:
• alem.ai жасанды интеллекттің халықаралық орталығының ашылуы
• Generative Nation Pitch финалы
• Astana Hub Battle стартап-баттлы
• Startup Alley технологиялық шешімдер көрмесі
• Digital Bridge Awards марапаттау рәсімі
• Панельдік сессиялар, deep tech-дискуссиялар, мастер-кластар, воркшоптар мен демонстрациялар
AI WEEK апталығы
29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында, форум алдында, Астанада жасанды интеллектке арналған іс-шаралар апталығы — AI WEEK өтеді. Апта аясында жоғары оқу орындарында дәрістер, халықаралық сарапшылардың мастер-кластары, воркшоптар, AI meet-up-тар, deep tech-сессиялар және Generative Nation Pitch жартылай финалдары жоспарланған. Іс-шараға студенттер, зерттеу топтары, стартаптар мен венчурлік қорлардың өкілдері қатысады. AI WEEK апталығының мақсаты — білім беру, ғылым және бизнесті жасанды интеллект саласында біріктіру.
Generative Nation Pitch
Форумның ашық байқау трегі, оған мектеп оқушылары, студенттер, MVP-і бар стартаптар мен ғылыми топтар қатысады. Жобалар үш кезең бойынша бағаланады: сараптамалық іріктеу, жасанды интеллект арқылы автоматтандырылған талдау және қазылар алқасының қорытынды бағасы. Негізгі критерийлер — технологиялылық, бірегейлік, ауқымдау әлеуеті, команданың біліктілігі, этикалық талаптарға сай келуі және презентация сапасы.
Astana Hub Battle
Стартап-баттл Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және өңірдің басқа елдерінен 100-ден астам жобаны біріктіреді. 3 қазанда жартылай финалдар, ал 4 қазанда форумның басты сахнасында финал өтеді. Қатысушылар өз идеяларын халықаралық қазылар алқасына, венчурлік инвесторларға, корпорациялар мен БАҚ өкілдеріне таныстырады.
Digital Bridge Awards 2025
Маңызды оқиғалардың бірі — Digital Bridge Awards 2025 сыйлығын табыстау рәсімі болады. Бұл сыйлық Қазақстанда және одан тыс жерлерде ІТ саласын дамытуға қосқан үлес үшін беріледі. Биыл 8 номинация қарастырылған.
• Export Excellence
• Tech Leadership Laureate
• AI Solution of the Year
• EdTech of the Year
• GovTech Innovation
• Tech Media Excellence
• Social Impact Project
• Breakthrough Startup
Іріктеу процесі төрт кезеңнен тұрады: онлайн өтінім беру, қосымша сауалнама толтыру, жасанды интеллект арқылы талдау және сарапшылық бағалау.
Startup Alley және ІТ-компаниялар көрмесі
Startup Alley көрмесі финтех, EdTech, GovTech, Big Data, AR/VR, тұрақты даму, экотехнологиялар және киберқауіпсіздік салаларындағы қазақстандық және халықаралық стартаптарды біріктіреді. Форумның жеке аймағы ІТ саласының жетекші компанияларының өнімдері мен шешімдерін көрсетуге арналады.
Ынтымақтастық алаңы ретіндегі форум
Digital Bridge 2025 мемлекет, бизнес, ғылыми қауымдастық және жастар бастамалары арасындағы байланыс пен ынтымақтастық үшін орта қалыптастырады. Форум халықаралық әріптестікті нығайтып, жаңа жобалардың іске қосылуына ықпал етеді және Қазақстанды цифрлық шешімдердің орталығы ретінде танытады.
Қосымша ақпарат ресми сайтта — ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сайтында қолжетімді.