Нью-Йоркте, БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында «Қазақтелеком» АҚ мен Amazon Kuiper арасында стратегиялық келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес ұлттық оператор Қазақстанда Kuiper спутниктік интернет қызметтерінің коммерциялық дистрибьюторы мәртебесіне ие болды. Келісімге Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қол қойылды.
Келісімге «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин және Project Kuiper компаниясының Worldwide Consumer бағытының жетекшісі Лиза Скалпоне қол қойды. Құжатқа сәйкес, «Қазақтелеком» қызметтерді бөлшек, корпоративтік, сондай-ақ ішінара B2G сегментінде тарату құқығын алады.
Алыс аймақтардағы интернет
Amazon Kuiper 3200-ден астам төмен орбиталы спутниктен тұратын жүйе құрып жатыр. Бұл жүйе интернетпен ең алыс және қолжетімсіз өңірлерді де қамтуға мүмкіндік береді. Келісім аясында Amazon Алматы, Ақкөл және Ақтауда жерүсті инфрақұрылымын салуға инвестиция салып, Қазақстанда өз қатысу нүктесін ашады.
Amazon-ның өңірдегі алғашқы ірі инвестициясы
Бұл келісім Қазақстан үшін MAGAM деңгейіндегі (Microsoft, Apple, Google, Amazon, Meta) жаһандық технологиялық алпауыттың алғашқы ірі инвестициясына айналды. Project Kuiper бүгінде орбитаға 100-ден астам спутник шығарды және алғашқы қызметтерді іске қосар алдындағы өндіріс пен ұшыру қарқынын арттыруда.
Amazon Kuiper Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі ұлттық ережелерге толық сәйкестікті қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жобаны «Самұрық-Қазына» қоры да қолдады және Kuiper технологияларын ұлттық компанияларда қолдану мүмкіндігін қарастыруда.
Технологиялық негіз
Kuiper жобасы төмен орбитадағы спутниктер тобына негізделген. Олар өзара лазерлік оптикалық арналармен байланысқан және ғарышта желілік құрылым құрады. Бұл жүйе Жердегі антенналар, талшықты-оптикалық желілер мен интернет-түйіндер арқылы жаһандық желімен біріктіріледі.