Қалай киім дизайнері болуға болады

Құралай Әшімова
Обозреватель в ismet
Статья
0 комментариев
19231
0 комментариев

Осыдан бір апта бұрын дизайнер Малика Усупова
бізге Instagram-ға (ismetplatform) жазған еді, ал бүгін біз жас дизайнер қыздың сұхбатын жариялап отырмыз. "MALIQUE" киім брендінің негізін қалаушы өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңес береді.

 

 

Киім тігу шебері болмай тұрып немен айналсқан едіңіз?

Мен Ковалева, Аида Қауменовалардың сән үйлерінде және Баян Алагөзовамен (Есентаева) шоу-бизнес саласында жұмыс істедім. Мен Баян ханымның көмекшісі әрі продюсерлік орталықтың әкімшісі болдым, сән үлгілері жайлы жорналда мақалалар жаздым. «Тігіншіні инесі асырайды» демекші, біртіндеп киім тігу шеберханамды ашу туралы ойлана бастадым. Өзімді асырайтын кәсіпті игеру қажет болды.

Қазір Сіз дипломды мамансыз ба?

Ия, мен киім дизайнерімін. Нұр-Сұлтан қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірдім. Сонымен қатар Миланда да оқыдым. Мен бала кезімнен, шамамен 8 жасымнан, киім тігіп, дизайнер боламын деп шештім. Әлі есімде, әжем екі матаны алып, тігін машинасымен өзіне жылдам әдемі көйлек тігіп алатын. Көйлек пішу, тігу, безендіру анамнан жұққан болу керек. Сонымен қатар, бала кезімнен Мәскеуге барып, тағылымдамадан өту арман болатын. Институтты бітіре сала маған мұндай мүмкіндік туып, арманым орындалды десе болады. 2011 жылы атақты Юдашкин мен Семачевтен тәжірибе алдым. Бұл жолы бір орында тұрмай, ары қарай биік белестерді алуды ұйғардым. Сөйтіп Италиядағы Марангони Сән институтына түсуді алдыма мақсат еттім. Бұл әйгілі оқу орны 1935 жылы құрылған болатын және сән индустриясы мамандарын дайындайтын Еуропадағы алғашқы жеке жоғарғы оқу орны еді. Бүгінде бұл институт әлемдегі үздік 5 fashion-мектебінің қатарына кіреді. Мен киім тігуге тапсырыс ала бастадым. Дегенмен  үш жылдық оқуға қаражат жинай алмадым, сондықтан маған тек үш айлық курстардан өтуге тура келді. Ақшаны қанша үнемдесем, жыртығымды жамауға жетпеді. Сонымен қатар ағылшын тілін жетік меңгеру қажет болды. Оған ақшаны қайдан табам? Мен ата-анамнан қиналғанымды көрсетпей, ешқашан көмек сұраған жан емеспін.  Сол кезде мен достарыммен бірге кітап дүкенінің үстінде орналасқан пәтерде тұрдым. Күн сайын бірнеше апта бойы жұмысқа баратын адам құсап таң ата астыдағы дүкенге түсетінмін. Өтіріктен оқулық іздеген боп, керекті ағылшын сөздіктерін пайдалан отырып, сол дүкеннің ішінде тілді тез арада үйренемін деп шештім. Осылайша таңертеңнен кешке дейін кітап дүкенінен шықпайтынмын. Дүкен қызметкерлері мені қуып шыға ма деп қорқып, жан-жағыма алақтап, жылдам-жылдам оқитын едім. Бір жағынан ұят, бірақ тілді тезірек меңгеріп алуым керек, амал жоқ. Кез келген уақытта маған: " Ей, қыз, сенде ұят бар ма? Осы уақытқа дейін бір кітап сатып алсаңшы!» - деп дүкеншілер бетіме басар еді. Нәтижесінде мен қажетті соманы жинап, курста оқып шықтым. 

Оқуды бітіргеннен кейін мен біраз уақыт үкімет басында отырған жоғары лауазымды шенеунік әйелдерді де киіндірдім. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасында ұшып-келіп жүрдім. Екіарадағы қауырт жұмыс пен маған жүктелген жауапкершіліктің ауқымы кеңейген сайын денсаулығыма зиян келер деген үрей де туындады. Осы дүбірлі кезеңде өз киім брендімен айналасу туралы ой келді. Сондықтан Kazakhstan Fashion Week-ке қатысуға өтінім бердім. Ол кезде менің сән әлемі туралы бірқатар түсінігім болды, өйткені үнемі сахна артында болдым және оның егжей-тегжейін жақсы білдім. Мені алдымен жас дизайнерлер қатысатын Open way байқауына шақырды. Мен KFW негізін қалаушы Алексей Чженге алғысым шексіз. Ол әрқашан: "Өзіңді абыроймен ұстан және адамдар саған сыни көзбен қарап, жақтырмаса да адами қасиетіңді жоғалтпа, сыртынан сөз айтпа, оларды сөкпе", - деп кеңес беретін. 480 қатысушының ішінен мен Қазақстанның үздік дизайнерлерінің ондығына кіріп, финалға дейін жеттім. Open way байқауының менің мансапқа жетудегі орны ерекше.

Әр дизайнер ерте ме, кеш пе өз сауда үйін ашуды армандайтын шығар. Бұл үшін бар ықыласыңмен ниеттенуден басқа тағы не қажет?

Мен өзімді бақыттымын деп санаймын, өйткені өз жолымды, өз кәсібімді уақытында таба білдім. Адам бұл фәни дүниеге өзінің ерекше борышын өтеуге келетініне кәміл сенемін. "Кішігірім болса да қала орталығында шеберханам болғанын қалаймын" – деп мен де жатпай-тұрмай армандадым. Алайда тек ниеттену жеткіліксіз. Дұрыс армандап және оған қол жеткізе білу қажет. Мен қала орталығынан кішкентай бөлме-жай іздеп, әзер таптым. Жаңа болмаса да, керек-жарағымды ақшасын бөліп-бөліп, сатып алдым. Менде жұмысыма қажет заттар - айна, үстел, тігін машиналары, үтік - пайда болды. Содан кейін сырттағы маңдайша жазуға ақша жинадым. Біраз тапсырыстарды қолға алғаннан кейін екінші тігін машинасын сатып алдым. Ынта-жігерім, жұмысқа деген құлшынысым өз нәтижесін берді.  2019 жылы Парижде менің MALIQUE брендім шетелдіктерге Қазақстанды мақтанышпен таныстырды. 

Шынымды айтсам, әңгімеңіз сиқырлы ертегі іспеттес.

Сиқыр тек мақсатқа талпынушылықта, бірақ мен біраз уақыттан бері тілектерімді дұрыс тілеуді үйрендім. Құрбымның әжесі намаз оқитын. Бірде ол: "Егер бір нәрсеге қол жеткізгің келсе, Құран кәрімнің бірнеше сүрелерін үйреніп ал, саған керек болады. Алла тағалаға сиынсаң қолдап, демейді. Зарықсаң желеп-жебейді. Бұл табысқа жетудің кілті" – деген еді.

Алла тағалаға сену ме, әлде өз-өзіңе сену ме?

Алла тағалаға сену, сонымен бірге жетістікке жету жолының кілті - өз-өзіңе сену. Өзіңнің қауіпсіздікте жүргеніңді сезесің, қамқоршың барына сенесің. Құдайға сену маған батылдық береді және мені тұлға ретінде сомдайды.

Instagram-ды белсенді қолданғандықтан, көбісі маған тігін шеберлігін үйретуді сұрай бастады. Басында білімім жетіспейтін шығар деп қорқатынмын, бірақ тәуекелге бел буып, тек Алматыда ғана емес, басқа қалаларда да білім бере бастадым. Қазақстанның 10 қалалары мен Бішкек қаласында. 2017 жылы мен Сән және Дизайн мектебін аштым. "Киім дизайны" курсы 50 000 теңге, "Пішу және тігу" курсы - 70 000 теңге тұрады. Жақында онлайн курс та аштым. Бағасы 35000 теңге.

Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

Бүркелген әйелдерге, яғни мұсылман әйелдерге арналған бутиктер желісін ашу жоспарда бар. Бұл қазір өсіп келе жатқан нарық. Жасы 25-35 жастағы мұсылман әйелдер төлем төлеуге қабілетті аудитория. Олар да сәнді киінгісі келеді, бірақ киімдері шариғатқа сай болуы шарт. Сән әлемінде ұстамды, байсалды киініп, әдемі бола аласыз деген идея бұрыннан бар. Бұл Мodest Fashion деп аталады - қарапайым, ұстамды немесе инабатты сән үлгісі - белгілі бір дінге жатпағанымен, әйелдер киіміндегі танымал тренд. Өзім намазды күніне 5 рет оқимын, сондықтан мен мұсылман әйелдерге арнайы киім тігуді ұйғардым. 

Киім тігу кәсібін бастағысы келетіндерге қандай кеңес бере аласыз?

Біріншіден, кез келген салада алдымен шешім қабылдап, мақсат қоя білу кажет. Көп нәрсе ішкі энергияға байланысты. Диванда жатып, жұмыс өздігінен жасалмайды. Кәсіпке қадам басқан әрбір адам алдымен жауапкершіліктің не екенін жақсы түсіну керек. Арманға итермелейтін алғашқы қадамды жасаңыз. Екіншіден, қиындықтарды жеңе білу адам мінезін өзгертеді, қатайтады. Қазір бұған сену қиын шығар, бұрын Нұр-Сұлтаннан келген кезімде Алматыда жатар орным, баспанам болмай, бір таныс қыздың сұлулық салонында біраз уақытқа дейін жерде ұйықтап, түнелттім. Кейде уақытында тамақтануды ұмытып кететінімдіктен, басым айналып, тіпті талып қалған күндерім бар.  Арманыма жетем деп, жанымды беріп, осылайша жұмыс істегенім есіме түсіп кетті. «Әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын». Таланттан басқа табандылық пен аздап сенім де маңызды. Талап - пендеден, қолдау – Тәңірден!

Дизайнер жақсы ақша таба ала ма? Ия, мүмкін, өйткені талап қылмай, мұратқа жетпес! Мен ардақтайтын адам - Амансио Ортега. Ол ZARA брендінің киімдерін және lnditex-тегі басқа брендтердің "жылдам сән" деп аталатын бизнес-моделін қалаушы, өте бай адам. Оның жоғары сән дизайнының жаппай өндірісі төмен бағамен шығаруға негізделген. Қолдан келсе тәуекелге бел бу! Ең бастысы - ниет, алға қойған үлкен мақсаттар және, әрине, еңбекқорлық. Көпшілігі «дизайнерлер тек әдемі кештерге барып, шоу көріністердің алдыңғы қатарында отырып, күн сайын сұхбат беріп, жорнал мұқабаларынан шықпайды» деп ойлайды. Дизайнер - бұл ең алдымен қолөнерші, оның артында қаншама адал еңбек тұр. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады. Менің алар белестерім әлі алда деп ойлаймын. 

 

 

Вчера, 23:01
«Ағылшын тіліндегі іскерлік хат алмасу» курсы
Поделиться этой новостью:
Комментарии
Авторизуйтесь, Пікір қалдыру үшін