© Фото : inbusiness.kz 08.06.2020
Шағын бизнесті 6%-тен аспайтын мөлшерлеме бойынша микрокредиттеу осы ай ішінде жүзеге асырылады
Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуі кезінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов хабарлады.
"Шағын бизнесті қолдау маңызды мәселе болып табылады. Кредиттер мен кепілге қолжетімділік мәселесін шешу ШОБ-тің, әсіресе микробизнестің даму факторы болып табылады. Сондықтан "БЖК 2025" мембағдарламаға "микро және шағын бизнесті микрокредиттеу" жаңа бағыты қосылады", - деді министр.
Жаңа бағыт 6% -тен аспайтын мөлшерлеме бойынша субсидиялау арқылы қаржыландыруды көздейді. Кредит көлемі айналымдағы құралдарды толықтыруға 5 млн. теңгеге дейін, өндірістік қажеттілікке 20 млн. теңгеге дейін беріледі, бұл микробизнес өкілдерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік туғызады.
Сондай-ақ, бизнес субъектілерінің кепілінің жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе де шешімін тапты - Даму қоры негізгі ұзақ займның 85%-іне дейін кепілдендіреді.
"Жаңа бағыт "БЖК 2025" мембағдарламасына өзгерістер енгізуді, сондай-ақ, рәсімдер мен ЕДБ-ді тартуды талап етеді. Сондықтан, жаңа бағытты осы ай ішінде іске қосу жоспарланып отыр", - деді Дәленов.
«ШОБ-ты дамыту - экономиканы әртараптандырудың, жұмыспен қамтудың, макроэкономикалық тұрақтылықтың, сондай-ақ, халыққа арналған қызметтер мен тауарларды өндірудің басты факторы. Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезеңдегі карантиндік шектеу шаралары ШОБ-қа, әсіресе шағын бизнеске тікелей ықпал етті. Сондықтан, ШОБ-ты қолдау үшін салықтық ынталандыру жасалып, кредит беру көлемі ұлғайтылуда. Бизнес жүргізу шарттарын одан арғы жеңілдету шарасы қабылдануда", - деп атап өтті министр.
Атап айтар болсақ, салықтық ынталандыру шарасы ретінде 2020 жылғы 1 маусымға дейін шағын және орта бизнес субъектілерін барлық салық пен әлеуметтік төлемнен босату көзделген. Экономиканың әлсіз салаларындағы мүлік салығының ставкасы жыл соңына дейін жойылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жер салығының мөлшерлемесі жыл соңына дейін жойылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өткізу және импорттаудағы ҚҚС 2020 жылғы 1 қазанға дейін 12%-тен 8%-ке дейін азайтылды.
Экономиканың аса зардап шеккен салалары бойынша 2020 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша салық мөлшерлемесі алынып тасталды.
Бұл жалақыдан ұсталатын жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық және әлеуметтік төлем, міндетті медициналық сақтандыру жарнасы алынбайды деген сөз.
Жалпы алғанда, жеңілдіктер шағын және орта бизнестің 29 түрін қамтиды.
Сондай-ақ, министр микро- және шағын бизнес үшін Мемлекет басшысының өткен жылы микро және шағын бизнесті үш жылға (2020-2022 жылдар бойынша) кіріс салығынан босату туралы бастамасын жүзеге асыру маңызды қолдау болғанын айтты.
"Нәтижесінде, 1 млн-нан астам микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 жыл ішінде салықтан 382 млрд теңге үнемдейді", - деп атап өтті Дәленов.